Бүгін аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Асқар Естібаевтың төрағалығымен ағымдағы жылдың IV тоқсанына жоспарланған құқықбұзушылықтың және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сондай-ақ нашақорлық пен есірткіге қарсы күреске бағытталған қызметтерді үйлестіру мәселелері бойынша аудан әкімдігі жанындағы ведомствоаралық комиссиялардың кезекті отырыстары өтті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі.

Отырысқа аудан прокуроры Ержан Қожабеков, мекеме басшылары мен ауыл әкімдері, құқық қорғау саласының қызметкерлері, сондай-ақ комиссия мүшелері қатысып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады.
Маңызды басқосуда сала басшыларының атқарылған жұмыстар бойынша есептері тыңдалып, құқықбұзушылықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою, әлеуметтік және экономикалық бағыттағы жұмыстардың орындалу барысы, жастармен жұмыс жүргізу, қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелері кеңінен қаралды. Сонымен қатар профилактикалық шараларды жүйелендіру жөнінде бірқатар ұсыныстар айтылып, олар хаттамаға енгізілді.
Жауапты баяндамашылардан кейін жиынды қорытындылаған аудан әкімі Асқар Сұлтанұлы жауапты мекеме басшыларына әрбір балаға өз баласындай қарау қажеттігін ескертіп, туындаған мәселелерді терең зерделеп, әрқайсысымен жеке жұмыс жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы профилактикалық шараларды үздіксіз әрі нәтижелі түрде жүзеге асыруды тапсырды.
Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою, алдын алу мәдениетін қалыптастыру және әрбір мемлекеттік қызметкердің жеке жауапкершілігін арттыру қажеттігін баса айтып, ұжымдар арасында семинар-кеңестер өткізуді міндеттеді. Мемлекеттік қаражатты барынша тиімді әрі мақсатты пайдалану керектігін қатаң ескертті.

Сонымен қатар аудан әкімі еліміздің болашағы – балаларды есірткі мен алкогольдік ішімдіктерден қорғау мақсатында мектептердегі тәрбиелік және түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, ата-аналармен бірлескен іс-шараларды барынша жандандыру қажеттігін атап өтті.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары