Созақ ауданына қарасты Бабата елді мекенінде аз қамтылған отбасыға «Қазфосфат» ЖШС-нің демеушілігімен тұрғын үй пайдалануға берілді, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі.
Айта кетерлігі, бұл игі іс ауыл тұрғындары үшін үлкен қуанышқа айналды. Елді мекенге арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов жаңа баспананың кілтін табыстап, отбасы мүшелерін қоныс тойымен құттықтады. Ол өз сөзінде мұндай қайырымды бастамалардың қоғамдағы өзара қолдауды нығайтып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға сеп болатынын атап өтті.
Салтанатты шара барысында ауыл қариясы Садық Әбдірашұлы сөз алып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдау көрсетіп отырған демеуші мекемеге және осы іске ұйытқы болған азаматтарға ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, мұндай қамқорлық – ел бірлігінің, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің айқын көрінісі.
Шараға жиналған ауыл ақсақалдары мен тұрғындар да жаңа баспана иесінің қуанышымен бөлісіп, ақжарма тілектерін арнады. Олар отбасының жаңа үйде берекелі ғұмыр кешуін тілеп, шаңырақтың шаттыққа толы болуын тіледі. Осындай сәттер ауыл тұрғындарының өзара ынтымағы мен бірлігін одан әрі арттыра түсетіні анық.
Жаңа тұрғын үй барлық қажетті инфрақұрылыммен толық қамтылған. Атап айтқанда, су және жылу жүйелеріне арналған жеке бөлмелер қарастырылып, жылу жүйесі толық орнатылған. Үйдің ішкі жоспарлануы да тұрғындардың жайлы өмір сүруіне ыңғайлы етіп жасалған. Бұл өз кезегінде отбасының күнделікті тұрмысын жеңілдетіп, қысы-жазы алаңсыз өмір сүруіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, тұрғын үйге тиесілі 20 соттықтан астам жер телімі арнайы шарбақпен қоршалып, қосалқы шаруашылық жүргізуге толық жағдай жасалған. Бұл жер телімі алдағы уақытта отбасының тұрмысын жақсартуға, шағын шаруашылықты дамытуға үлкен мүмкіндік бермек. Ауылдық жерде мұндай кең аула отбасы үшін маңызды табыс көзіне айналуы әбден мүмкін.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары