Түркістан облысы, Сауран ауданында елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі.
Атап айтқанда, бүгінде ауданға қарасты Мәшһүр Жүсіп елді мекенінің тұрғындарын таза ауыз сумен үздіксіз қамту мақсатында қосымша су ұңғымасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Ауылда қазіргі таңда 129 тұрғын үй орналасқан, жалпы халық саны – 1 127 адам. Елді мекендегі барлық тұрғын үйлер орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылғанымен, халық санының артуы мен су сапасына қатысты туындаған мәселелерге байланысты инфрақұрылымды жаңғырту қажеттілігі туындаған.
Мәшһүр Жүсіп елді мекенінің тәуліктік су тұтыну қажеттілігі 135 текше метрді құрайды. Ауыл ішіндегі магистральды су құбыры желісінің жалпы ұзындығы 14,4 шақырым болса, ішкі су құбыры желісі 5,6 шақырымды қамтиды. Сонымен қатар елді мекен аумағында көлемі 50 текше метрді құрайтын су мұнарасы орналасқан. Бұл инфрақұрылым ауылды ауыз сумен қамтамасыз етудің негізгі тетігі болып табылады.
Алайда қазіргі таңда қолданыстағы ұңғымадан алынатын ауыз судың түсі өзгеруіне байланысты тұрғындар тарапынан сапаға қатысты шағымдар түскен. Осыған орай, халықты санитарлық талаптарға сай, таза әрі қауіпсіз ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қосымша су ұңғымасын қазу жұмыстары қолға алынды. Жаңа ұңғыма іске қосылғаннан кейін ауыл тұрғындарының суға деген сұранысы толық әрі тұрақты қамтамасыз етіледі деп күтілуде.
Құрылыс жұмыстары барысымен танысу мақсатында нысанды аралаған аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Бөкебаев жауапты сала мамандарына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, ол құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстау, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың толық сақталуын қамтамасыз ету және жұмысты белгіленген мерзімде аяқтау қажеттігін баса айтты.

Аудан басшылығының мәліметінше, ауыз су жүйесін жаңғырту – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған басым бағыттардың бірі. Бұл ретте Сауран ауданында елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып, алдағы уақытта да ауыз суға қатысты өзекті мәселелер толық шешімін табатын болады.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары