Келес аудандық №2 балабақшасында «Жасыл балабақша» жобасы аясында бүлдіршіндерді экологиялық мәдениетке баулуға бағытталған мазмұнды шара қолға алынған, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі.
Аталған жоба балабақша тәрбиеленушілерін кішкентай кезінен бастап табиғатты аялауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға тәрбиелеуді мақсат етеді. Жоба аясында балабақша ауласында және арнайы бөлмелерде шағын «жасыл аймақтар» жасақталып, онда түрлі өсімдіктер отырғызылған. Балалар өсімдіктерді тек сырттай бақылап қана қоймай, оларды өз қолдарымен күтіп-баптауды үйреніп жүр.

Бүгінде балабақша тәрбиеленушілері 10-ға жуық өсімдік түрін отырғызып, олардың өсу кезеңдерін күнделікті бақылауда ұстап отыр. Олардың қатарында көкөніс дақылдары, сәндік гүлдер мен бөлме өсімдіктері бар. Бүлдіршіндер тәрбиешілердің бағыт-бағдар беруімен су құю, топырақты қопсыту, жапырақтарын тазалау, қураған бөліктерін алып тастау секілді қарапайым, бірақ маңызды жұмыстарды өздері атқарады.
Тәрбиешілердің айтуынша, мұндай тәжірибелік жұмыстар балалардың еңбекке деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, жауапкершілік сезімін қалыптастырады. Өсімдікті күту барысында балалар шыдамдылыққа, ұқыптылыққа және тірі табиғатқа жанашыр болуға үйренеді. Сонымен қатар, олар өсімдіктің өсуі үшін су, жарық пен күтімнің қаншалықты маңызды екенін өз тәжірибелері арқылы түсінеді.
Жоба шеңберінде экологиялық тәрбие тек өсімдік өсірумен шектелмейді. Балабақшада органикалық баптау, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеудің маңызы туралы шағын танымдық сабақтар тұрақты түрде өткізіліп отырады. Бұл сабақтар балалардың экология туралы алғашқы түсінігін қалыптастырып, табиғатты қорғау – әр адамның ортақ міндеті екенін ұғындыруға бағытталған.

Балабақша ұжымы «Жасыл балабақша» жобасын болашақта одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. Алдағы уақытта өсірілетін өсімдік түрлерін көбейтіп, балаларға табиғат құбылыстары мен экологиялық тепе-теңдік туралы қосымша мәліметтер беру көзделуде. Мұндай бастамалар жас ұрпақтың санасында табиғатқа деген сүйіспеншілікті ерте жастан қалыптастырып, экологиялық жауапкершілігі жоғары азамат болып өсуіне ықпал ететіні анық.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары