Кентау қаласы әкімдігінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес көпбалалы аналарды марапаттауға арналған салтанатты рәсім өтті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Бұл шара – ел болашағын тәрбиелеп отырған аналарға көрсетілген айрықша құрметтің, мемлекет тарапынан жасалып жатқан нақты қолдаудың көрінісі.

Салтанатты жиынға Кентау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Әбенұлы қатысып, аналарға мерейлі марапаттарын табыстады. Ол өз сөзінде ана – қоғамның тірегі, отбасының берекесі екенін атап өтіп, көпбалалы аналардың елдің демографиялық дамуына, ұлт болашағының қалыптасуына қосып отырған үлесі орасан зор екенін жеткізді. Сондай-ақ мемлекет тарапынан ана мен балаға көрсетіліп отырған әлеуметтік қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты.
Шара барысында елдің демографиялық дамуына және ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүрген кентаулық 10 ана «Алтын алқа» төсбелгісімен, ал 23 ана «Күміс алқа» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар марапат иелеріне арнайы куәліктер табысталып, құрмет көрсетілді. Салтанатты сәтте аналардың жүзінен қуаныш пен мақтаныш сезімі байқалды. Бұл марапат оларға берілген лайықты баға екені сөзсіз.
Айта кетейік, бүгінде Кентау қаласында көпбалалы отбасыларға ерекше көңіл бөлінуде. Қала бойынша 4 547 көпбалалы ана бар. Оның ішінде 22 батыр ана, 508 «Алтын алқа» иегері, 1 130 «Күміс алқа» иегері тіркелген. Сонымен қатар 41 ана І–ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған. Бұл көрсеткіштер Кентау қаласында аналар институтының айрықша маңызға ие екенін айғақтайды.

Осындай шаралар аналардың қоғамдағы мәртебесін арттырып қана қоймай, жас отбасыларға үлгі болары анық. Анаға көрсетілген құрмет – елдің ертеңіне жасалған қамқорлық. Сондықтан көпбалалы аналарды қолдау, олардың еңбегін бағалау – мемлекет пен қоғам үшін әрдайым басты міндет болып қала береді.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары