Түркістан облысы, Ордабасы ауданында жол инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Аудан әкімі Азат Оралбаевтың Төрткүл ауылдық округі тұрғындарымен өткен кездесуінде жергілікті халық елді мекен ішіндегі жолдардың сапасына қатысты мәселе көтерген болатын. Тұрғындардың ұсыныс-пікірлері ескеріліп, аудан басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес нақты жұмыстар қолға алынды.
Соның нәтижесінде Төрткүл елді мекеніндегі бірқатар көшелерде асфальт төсеу жұмыстары толық аяқталды. Атап айтқанда, Ғ.Мұратбаев, Т.Тоқтаров және Ә.Молдағұлова көшелері жаңарып, заман талабына сай жол төсемімен қамтылды. Жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалып, тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалды.
Жаңарған көшелер ауыл халқының тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, елді мекеннің жалпы инфрақұрылымдық дамуына оң серпін бермек. Әсіресе, балалардың мектепке қауіпсіз баруы, жедел жәрдем, өрт сөндіру және басқа да қоғамдық қызметтердің кедергісіз жетуі, сондай-ақ көлік қозғалысының жеңілдеуі – атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесі. Тұрғындар да жол мәселесінің шешімін тапқанына ризашылықтарын білдіруде.
Айта кетейік, бүгінде Ордабасы ауданы аумағындағы көшелердің жалпы 520,2 шақырымы асфальт жолмен қамтылған. Биыл «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 8 елді мекендегі 28 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар аудандық бюджет есебінен 6 көшеге орташа жөндеу жасалып, 3 көпірге ағымдағы жөндеу жүргізілді. Бұдан бөлек, 14 елді мекеннің ішкі көшелеріне тас төсеу жұмыстары жасалды.
Сондай-ақ, аудандық маңызы бар 4 автомобиль жолы орташа жөндеуден өтіп, жол сапасы айтарлықтай жақсарды. Жүргізілген кешенді жұмыстардың нәтижесінде аудан ішіндегі жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 55 пайызға жетті.

Жалпы, Ордабасы ауданында жол саласы кезең-кезеңімен дамып келеді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қоса бермек.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары