Қазығұрт ауданында 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай жастардың зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған “Қазығұрт көшбасшылары” атты аудандық интеллектуалды сайыс өтті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Танымдық әрі тартысты форматта ұйымдастырылған бұл іс-шараны Қазығұрт аудандық “Жастар ресурстық орталығы” КММ мен “Жастар Рухы” жастар қанаты бірлесіп өткізді.

Аудан әкімдігі мен аудандық “AMANAT” партиясының қолдауымен өткен сайысқа Қазығұрт ауданына қарасты ауылдық округтерден келген 12 команда қатысып, 5 кезең бойынша өз білімдері мен тапқырлықтарын сынға салды. Жарыс барысында жастар ел тарихы, ұлттық өнер, кино саласы, әдебиет және жалпы мәдениетке қатысты түрлі деңгейдегі сұрақтарға жауап беріп, логикалық ойлау қабілеті мен жылдам шешім қабылдау дағдыларын көрсетті.
Сайыс көрермендер үшін де қызықты әрі мазмұнды өтті. Әр кезеңде командалар арасында қызу бәсеке орнап, қатысушылар өзара үздіктерді анықтау жолында бар күш-жігерін салды. Жастардың ел тарихы мен рухани құндылықтарға деген қызығушылығы, белсенділігі ерекше байқалды.
Нәтижесінде Алтынтөбе ауылдық округінен келген “QUIZ hunter” командасы үздік деп танылып, байқаудың жеңімпазы атанды. Жеңімпаз командаға 100 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлық табысталды. Екінші орынды Қазығұрт ауылдық округінің намысын қорғаған “Жас көшбасшылар академиясы” командасы иеленсе, үшінші орын жігергендік “Диқан” командасына бұйырды.
Сонымен қатар, белсенділігімен және ұйымшылдығымен көзге түскен “Ой ЛАВ” және “Жалынды жастар” командалары ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Білімділер бәйгесінде жеңіске жеткен және жүлделі орындарға ие болған барлық командаларға арнайы алғыс хаттар, кубоктар және қаржылай сыйлықтар табысталды.

Аталған интеллектуалды сайыс жастардың білім деңгейін көтеріп қана қоймай, олардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, командалық жұмысқа бейімдеуге және елдік құндылықтарды дәріптеуге зор үлес қосты. Осындай мазмұнды шаралар қазығұрттық жастардың белсенділігін арттырып, олардың қоғам өміріне араласуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары