Түркістан облысы, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров жұмыс сапарымен Бабайқорған ауылдық округіне барып, ел игілігіне беруге жақындаған әлеуметтік маңызы бар Мәдениет үйінің құрылыс барысымен танысты,– деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Аудан басшысы нысанда жүргізіліп жатқан соңғы дайындық жұмыстарын көзбен көріп, жауапты мамандардың есебін тыңдады.

Жалпы аумағы 860,7 шаршы метрді құрайтын Мәдениет үйінде қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстары, инженерлік жүйелерді жүргізу, есік-терезелерді орнату және аумақты абаттандыру шаралары қарқынды атқарылуда. Жаңа нысан ауыл тұрғындарының мәдени өмірін жандандырып, түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге мүмкіндік беретін маңызды орталық болмақ.
Құрылыс жұмыстарын «DAT Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Ал нысанның сапалы әрі талапқа сай салынуын қамтамасыз ету мақсатында техникалық және авторлық қадағалау тиісті мекемелер тарапынан тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Нысанды аралау барысында аудан әкімі құрылыс сапасына, пайдаланылатын материалдардың талапқа сай болуына, мердігер ұйымның жұмыс кестесін қатаң сақтауына және еңбек қауіпсіздігі ережелерінің орындалуына ерекше назар аударды. Сонымен қатар, жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарын созбалаңға салмай, белгіленген мерзімде әрі жоғары сапада аяқтауды тапсырды.

Аудан басшысы Мақсат Таңғатаров мәдени нысандар ауыл өмірінің әлеуметтік және рухани дамуына серпін беретінін атап өтіп, мұндай жобалардың сапалы жүзеге асырылуы тұрғындардың мәдени сұранысын толық қанағаттандыруға бағытталғанын айтты. Жаңа Мәдениет үйі пайдалануға берілген соң, Бабайқорған ауылында мәдени шаралар өткізуге қолайлы жағдай жасалып, ауыл халқының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік тумақ.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары