Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев аудандық мәслихат депутаттарымен бірге Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Төңкеріс елді мекеніне арнайы барып, салынып жатқан медициналық нысанның құрылыс барысымен танысты,– деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Жұмыс сапары барысында аудан басшысы нысанда атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көріп, жауапты сала өкілдерінен нақты ақпарат алды.

Қазіргі таңда медициналық мекеменің құрылысында бірқатар жұмыстар атқарылғанымен, аудан әкімі мердігер компанияға құрылыс қарқынын күшейту қажеттігін қатаң ескертті. Арман Абдуллаев халық денсаулығына арналған нысандардың уақытылы әрі сапалы пайдалануға берілуі – басты талап екенін атап өтіп, анықталған кемшіліктерді жедел түрде жою жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімнің сақталуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.
Аталған медициналық нысанның құрылысы жеке инвестордың қаржысы есебінен жүзеге асырылуда. Бұл – мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға қосып отырған нақты үлесінің бірі. Қазіргі уақытта ғимараттың сыртқы әрлеу жұмыстары мен аумағын қоршау шаралары жүргізілуде. Жобаның мердігері ретінде «БибиМанапҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бекітілген.

Жоба толық аяқталғаннан кейін Төңкеріс елді мекенінің тұрғындары заманауи талаптарға сай медициналық қызметке қол жеткізеді. Бұл, әсіресе, ауыл халқы үшін алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, тұрғындардың аудан орталығына сабылуын азайтуға мүмкіндік береді. Жергілікті жұртшылық та жаңа нысанның дер кезінде іске қосылуын асыға күтуде.

Айта кету керек, Сарыағаш ауданында соңғы жылдары денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп, ауылдық елді мекендерде медициналық нысандар салу және жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл бастамалар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары