Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Сарыағаш қаласына қарасты Б.Оспанов көшесінде 300 орындық жаңа мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Аталған жоба өңірдегі білім беру инфрақұрылымын жаңғыртып, заманауи талаптарға сай оқу ордаларын көбейтуге бағытталған.

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев құрылыс нысанына арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын көзбен көріп, жауапты сала өкілдерімен бірге нысанның қазіргі жай-күйін пысықтады. Аудан басшысы құрылыс сапасына ерекше мән беріп, мердігер мекеме өкілдеріне барлық жұмыстарды белгіленген кестеге сай, талапқа сәйкес әрі уақытында аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар қауіпсіздік талаптарын сақтау, құрылыс материалдарының сапасын бақылау және нысанды пайдалануға берер алдында барлық техникалық нормалардың толық орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Қазіргі таңда мектеп ғимаратының ішкі тазалау жұмыстары жүргізіліп, сынып бөлмелері, дәліздер мен қосалқы кабинеттер соңғы қалыпқа келтірілуде. Сонымен бірге сыртқы абаттандыру жұмыстары да қатар атқарылып, мектеп ауласын көгалдандыру, жаяу жүргіншілер жолын салу және спорт алаңшаларын жабдықтау жоспарланған. Бұл өз кезегінде оқушылардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуына мүмкіндік бермек.
Жобаның тапсырыс берушісі – «Samruk–Kazyna Construction» АҚ болса, мердігер мекеме ретінде «А-Спецстрой» ЖШС-і белгіленген. Жауапты тараптардың мәлімдеуінше, құрылыс барысы бекітілген жоспарға сай жүріп жатыр және нысанды жақын уақытта пайдалануға беру көзделуде.

Айта кетейік, бой көтеріп жатқан жаңа мектеп Сарыағаш ауданы тұрғындары үшін аса маңызды әлеуметтік нысан саналады. Бұл білім ордасы қаладағы оқушы орын тапшылығын азайтып қана қоймай, заманауи материалдық-техникалық база арқылы білім сапасын арттыруға ықпал етпек. Кең әрі жарық сыныптар, жаңа үлгідегі оқу кабинеттері мен қосымша үйірмелерге арналған бөлмелер оқушылардың жан-жақты дамуына жол ашады. Осындай жобалар өңірдің әлеуметтік әлеуетін нығайтып, келешек ұрпақтың сапалы білім алуына берік негіз қалайды.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары