Сарыағаш қаласының кіреберіс аумағында жаңа “Өндірістік парк” жобасының құрылысы қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Аталған жоба ауданның өндірістік әлеуетін арттыруға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады. Осыған орай Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев құрылыс нысанына арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, жауапты сала басшыларымен бірге жобаның қазіргі жай-күйін пысықтады.

Аудан басшысы нысан аумағын аралау барысында құрылыс сапасына, жұмыс қарқынына және белгіленген мерзімдердің сақталуына баса назар аударды. Сонымен қатар жобаның тиімді әрі жүйелі іске асуын қамтамасыз ету мақсатында тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, жобаның орындалуына тұрақты бақылау жасау міндеті аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне жүктеліп, кәсіпкерлермен өзара байланыс орнату, инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері де назарға алынды.
Жалпы аумағы 6,5 гектар жерді қамтитын “Өндірістік парк” жобасында қазіргі таңда іргетас құю, жерді тегістеу, сондай-ақ инженерлік-инфрақұрылым желілеріне қажетті дайындық жұмыстары жүргізілуде. Электр қуаты, су жүйесі, жол қатынасы секілді негізгі инфрақұрылымдарды тарту кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, алдағы уақытта өндірістік ғимараттар салуға қолайлы жағдай қалыптастырылмақ. Жоба бірнеше кезеңге бөлініп іске асырылатын болады, бұл өз кезегінде құрылыс сапасын арттырып, қаржының тиімді игерілуіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар өндірістік парк аумағында әртүрлі бағыттағы өндірістік нысандарды орналастыруға ниетті кәсіпкерлердің белсенді қатысуы жоспарланып отыр. Бұл жергілікті кәсіпкерлерге өз кәсібін кеңейтуге, жаңа өндіріс көздерін ашуға және дайын инфрақұрылымды пайдалануға жол ашады.

Жоба толық іске асқан жағдайда аудан экономикасына шамамен 800 млн теңге көлемінде инвестиция тартылып, 85 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Бұл Сарыағаш ауданы үшін әлеуметтік-экономикалық тұрғыда үлкен серпін беретін бастама болмақ. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы бюджет кірісін арттырып қана қоймай, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға да оң әсерін тигізеді. Осындай ірі жобалар арқылы ауданның инвестициялық тартымдылығы артып, өңірдің дамуына тың серпін берілмек.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары