Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Түркістан » ИНВЕСТОРЛАРМЕН КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗІЛДІ

ИНВЕСТОРЛАРМЕН КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗІЛДІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Халық Республикасынан келген инвесторлармен кездесті,– деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі.

Нет описания фото.

Маңызды кездесуде облыс аумағында жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, екіжақты әріптестікті нығайту және ұзақмерзімді ынтымақтастық орнату мәселелері жан-жақты талқыланды. Аймақ басшысы инвесторларға Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басым бағыттарды таныстырып, өндіріс пен кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасалып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар облыс әкімдігі тарапынан инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Кездесу барысында Нұралхан Көшеров өңірдің табиғи, логистикалық және өндірістік әлеуетіне тоқталды. Оның айтуынша, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар, оларды терең өңдеу саласында да үлкен мүмкіндіктерге ие. Индустриалды аймақтардың дамуы, инфрақұрылымның кезең-кезеңімен жаңаруы және еңбек ресурстарының жеткіліктілігі жаңа зауыттар мен кәсіпорындар ашуға оңтайлы жағдай қалыптастырып отыр.

Нет описания фото.

– Түркістан облысының әлеуеті өте жоғары. Ауыл шаруашылығында терең өңдеу саласын дамыту, индустриалды аймақтарда өндірісті өркендетуге мүмкіндіктер мол. Жаңа зауыттар мен кәсіпорындар ашу арқылы жұмыс орындарын көбейтуге мүдделіміз, – деді облыс әкімі.

Кездесуде «Qingdao Wanlin» компаниясының басшысы Яньтао Ли облыс әкімдігі тарапынан инвесторларға жасалып отырған қолайлы жағдай үшін ризашылығын білдірді. Ол өз кезегінде компанияның алдағы жоспарларымен таныстырып, Түркістан облысында бірқатар жаңа жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытатынын жеткізді. Сонымен қатар Қытайдан арнайы келген өзге инвесторларды таныстырып, олардың да өңірде өндіріс орындарын ашуға ниетті екенін атап өтті.

Атап айтқанда, инвесторлар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындар салу, үй жануарларына арналған жем өндіру зауытын ашу, түрлі өндіріс орындарын іске қосу, сондай-ақ туризм саласы бойынша Орталық Азиядағы ең ірі аквапарктердің бірін салу секілді бірқатар ірі жобаларды ұсынды. Бұл бастамалардың барлығы жан-жақты зерделеніп, экономикалық тиімділігі мен әлеуметтік әсеріне қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

Возможно, это изображение один или несколько человек и текст

Айта кетейік, Түркістан облысында инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 11 айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 1,4 трлн теңгеге жетіп, өсім 123 пайызды құрады. Жылдық жоспар мерзімінен бұрын орындалған. Сонымен қатар өткен жылы 11 ай ішінде 44 инвестициялық жоба іске қосылып, 6 637 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл көрсеткіштер өңірдің инвестициялық тартымдылығының жыл сайын артып келе жатқанын айқын көрсетеді.

© Jetpisbai.kz

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*