2025 жылғы салық түсімдері Түркістан облысының экономикалық моделіндегі сапалық өзгерісті айқын көрсетті,– деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Өңір тарихында алғаш рет 1 триллион теңгеден астам салық түсімі жиналып, бұл көрсеткіш аймақ экономикасының жаңа деңгейге көтерілгенін дәлелдеді. Сарапшылар мұны жүйелі әрі ұзақмерзімді экономикалық саясаттың, сондай-ақ мемлекеттік басқарудағы ашықтық пен жауапкершіліктің нақты нәтижесі ретінде бағалап отыр.

Бұл жетістік Түркістан облысының экономикасы көлеңкелі айналымнан нақты есепке, ашықтық пен институционалдық тұрақтылыққа бет бұрғанын көрсетеді. Соңғы жылдары іске қосылған жаңа өндіріс орындары мен кәсіпорындар өңірде тұрақты салық базасын қалыптастырып, бюджет кірісінің артуына серпін берді. Индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарда жүзеге асырылып жатқан жобалар инвестициялық кезеңнен өтіп, нақты қаржылық қайтарым беретін фазаға көшті. Бұл үрдіс Түркістан облысы үшін жүйелі реформалармен, өлшенетін нәтижелермен және айқын экономикалық серпінмен сипатталатын жаңа даму кезеңінің басталғанын аңғартады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылға арналған Жолдауында айқындалған басымдықтар өңір дамуының негізгі өзегіне айналып, нақты істермен бекітілді. Президент тапсырмасына сәйкес облыста экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту, ауыл инфрақұрылымын жаңғырту және адами капиталды күшейту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде Түркістан облысы индустриялық даму кезеңіне нық қадам басты.
Салық түсімдерінің құрылымында өнеркәсіп пен өңдеу секторлары үлесінің артуы – экономиканы әртараптандыру саясатының тиімді жүзеге асқанын көрсететін маңызды белгі. Инвестициялық жобалар нәтижесінде тұрақты жұмыс орындары құрылып, жергілікті бюджет кірістері айтарлықтай ұлғайды. Бұл өңірдің дотациялық тәуелділігін кезең-кезеңімен төмендетіп, қаржылық дербестігін арттыруға мүмкіндік берді.

Отандық өндірісті кеңейту мақсатында облыстың барлық аудандарында «Шағын өндірістік парк» жобасы іске асырылып жатыр. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бұл жобалардың жүзеге асу барысын тұрақты бақылауда ұстап, жаңа өндірістерді іске қосу бағытындағы жұмыстарды үйлестіріп келеді. Осы мақсатта өңір басшысы іске қосылатын зауыттардың дайындық барысын тексеріп, өндірістік инфрақұрылымның сапасына баса назар аударды.
Қазіргі таңда облыс аумағында жалпы көлемі 238 гектарды құрайтын 21 шағын өндірістік алаң құрылды. Жоба аясында 248 өндірістік ғимарат салу жоспарланып, нәтижесінде 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жалпы инвестиция көлемі 213 млрд теңгені құрайды. Бүгінгі таңда 40 ғимараттың құрылысы толық аяқталып, 32 жоба іске қосылды. Соның нәтижесінде 2 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылып, тартылған инвестиция көлемі 136 млрд теңгеге жетті. Өндірістік парктер аумағында жиһаз, жаңбырлатып суару жүйелері, мұздатқыш жабдықтар және құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар жұмыс істей бастады. Алдағы кезеңде бейнебақылау камералары, медициналық жиһаз және тұрмыстық химия өнімдерін өндіру жолға қойылып, ішкі нарықты қамту және экспортқа шығару көзделіп отыр.
2025 жылы облыста бірқатар заманауи өндіріс орындары іске қосылып, индустрия өңір экономикасының нақты драйверіне айналды. Бір ғана желтоқсан айында 7 зауыт пайдалануға беріліп, 2 өндіріс орны мен 1 электр станциясының құрылысы басталды. Жалпы алғанда, өңірде индустриялық аймақтар мен «Turan» арнайы экономикалық аймағы аясында ондаған жоба жүзеге асырылуда. Индустриялық аймақтарда 39 млрд теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды. Ал «Turan» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 223 млрд теңгені құрайтын 20 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.

11 айдың қорытындысы бойынша облыс экономикасына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 123 пайызды құрады. Нәтижесінде шамамен 146 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл – инвестицияның нақты экономикаға, тұрақты табыс пен берік салық базасына айналғанын айқын көрсететін маңызды көрсеткіш.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары