Келес ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Али Бектаев, Мұрат Қадырбек және Әлішер Сатыбалдиев, сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Темір Қырықбаев арнайы жұмыс сапарымен келіп, Жүзімдік елді мекенінде салынып жатқан минералды су зауытының құрылыс барысымен танысты,– деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі.

Сапар барысында халық қалаулыларына зауыттың қазіргі жай-күйі, атқарылған жұмыстар және жобаның алдағы кезеңдері туралы жан-жақты ақпарат берілді. Қазіргі таңда нысанның құрылыс жұмыстары толық аяқталып, заманауи технологиялық қондырғылар зауыт аумағына жеткізілген. Бүгінде мамандар құрал-жабдықтарды монтаждау, инженерлік желілерге қосу және іске қосу алдындағы соңғы дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Депутаттар өндіріс орнының техникалық мүмкіндіктерімен танысып, жобаның өңір экономикасы үшін маңыздылығына ерекше тоқталды. Олардың айтуынша, мұндай өндіріс орындарының іске қосылуы Келес ауданының ғана емес, тұтас Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттырады. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарының ашылуы жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді.
Жоба аясында «SunDala» брендімен минералды су және лимонадтық сусындар өндірілмек. Жалпы инвестиция көлемі 2,5 млрд теңгені құрайды. Зауыт толық іске қосылған жағдайда 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Өндірілетін өнімдер ішкі нарықпен қатар шетелдік нарықтарға да экспорттауға бағытталмақ. Бұл өз кезегінде отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ел экономикасына қосымша пайда әкеледі.
Кездесу барысында инвесторлар тарапынан қойма салу үшін қосымша жер теліміне қажеттілік бар екені айтылды. Аталған мәселеге қатысты аудан басшысы Жәнібек Ағыбаев тиісті қолдау көрсетілетінін жеткізіп, жобаның кедергісіз жүзеге асуына жергілікті атқарушы орган тарапынан барлық мүмкіндік қарастырылатынын атап өтті.

Сапар соңында Сенат пен Мәжіліс депутаттары жобаның уақытылы әрі сапалы іске асуына тілектестік білдіріп, осындай ірі инвестициялық бастамаларға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету мәселелері назарда болатынын жеткізді. Айта кету керек, бұл жоба Келес ауданында жүзеге асырылып жатқан ауқымды инвестициялық жобалардың бірі саналады және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған нақты қадам ретінде бағаланып отыр.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары