Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Түркістан » ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: БЕРІЛГЕН ТАПСЫРМАЛАРДЫҢ ОРЫНДАЛУЫН БАҚЫЛАДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: БЕРІЛГЕН ТАПСЫРМАЛАРДЫҢ ОРЫНДАЛУЫН БАҚЫЛАДЫ

Бүгінгі жұмыс сапары барысында Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев жауапты сала мамандарымен бірге Састөбе кенті мен Машат ауылына барып, бұған дейінгі аралау кезінде берілген нақты тапсырмалардың орындалу барысын көзбен көріп, бақылаудан өткізді, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Сапардың негізгі мақсаты – инфрақұрылымдық жобалардың сапалы әрі уақтылы жүзеге асуын қамтамасыз ету, тұрғындарды толғандырған мәселелердің нақты шешімін табуына ықпал ету болды.

Нет описания фото.

Аудан басшысы алдымен су жүйесі күрделі жөндеуден өткен Састөбе кентіндегі жұмыстарға назар аударды. Мұнда ауыз су жүйесіне орнатылған су реттегіштер мен өрт гидранттарының жаңартылу барысы тексерілді. Әкім бұл құрылғылардың тұрғындар қауіпсіздігі мен сумен қамту сапасын арттырудағы маңызын атап өтіп, олардың талапқа сай жұмыс істеуі қатаң бақылауда болатынын жеткізді. Сонымен қатар су жүйесі қайта құрылымдаудан өткен Машат ауылында шеткі көшелерге жоғары қысымда су жеткізу мәселесі қаралды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігі бағаланып, бірқатар нақты тапсырмалар берілді.

Жұмыс сапары барысында Асқар Естібаев жергілікті тұрғындармен де кездесіп, олардың күнделікті тұрмысқа қатысты өтініш-тілектерін тыңдады. Атап айтқанда, көше жарығын орнату, ішкі жолдарды жөндеу сынды мәселелер көтерілді. Аудан әкімі бұл сұрақтардың назардан тыс қалмайтынын айтып, жауапты бөлім басшыларына нақты мерзімдер мен тапсырмалар жүктеді. Тұрғындармен ашық диалог орнату – билік пен халық арасындағы сенімді нығайтудың маңызды тетігі екені де атап өтілді.

Айта кетерлік, өткен жылы ауданда ауыз су мәселесі өзекті болған елді мекендерде ауқымды жұмыстар атқарылған. Жабағылы мен Машат ауылдарының су жүйесі толық қайта құрылымдаудан өтіп, Састөбе кентінің су жүйесі күрделі жөндеуден кейін пайдалануға берілді. Сонымен қатар 13 елді мекенде, атап айтқанда Күмісбастау, Қызылбастау, Келтемашат, Жыланды, Жиынбай, Еңбекші, Пістелі, Көкбұлақ, Жәрімбетов, Шұқырбұлақ, Ақбиік, Қараағашты және Елтай ауылдарында су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Бұл жұмыстар тұрғындарды үздіксіз әрі сапалы ауыз сумен қамтуға бағытталған.

Нет описания фото.

Қазіргі таңда жөндеу жүргізілген елді мекендерде анықталған кемшіліктер аудан әкімдігінің қатаң бақылауына алынған. Жауапты мердігер мекемелерге олқылықтарды дер кезінде жою жөнінде талап қойылып, мәселенің созбалаңға салынбауы қадағаланып отыр. Аудан басшысы алдағы уақытта да инфрақұрылымды дамыту мен халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса беретінін атап өтті.

© Jetpisbai.kz

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*