Бүгінде Түлкібас ауданында шағын және орта кәсіпкерлік саласы серпінді түрде дамып, өңір экономикасының негізгі тіректерінің біріне айналып отыр, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Жергілікті тұрғындар жеке кәсібін ашып, отбасылық табысын арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын құру арқылы ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін күшейтуге өз үлестерін қосуда. Мемлекеттік қолдау тетіктері мен кәсіпкерлікке қолайлы орта бұл бағыттағы бастамалардың көбеюіне жол ашып отыр.

Осы орайда бүгін аудан әкімі Асқар Естібаев жұмыс сапарымен аудан орталығы мен Рысқұлов және Тастұмсық ауылдық округтеріндегі бірқатар кәсіпкерлік нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аудан басшысы әрбір нысанның өңір үшін маңыздылығына тоқталып, кәсіпкерлермен пікір алмасты.
Алдымен Асқар Сұлтанұлы аудан орталығында орналасқан «Тома» сүт өнімдерін өндіретін шағын цехқа барды. Мұнда тәулігіне 1 тоннаға дейін сүт өңделіп, айран, ірімшік, сары май, күйдірілген май, қаймақ және брынза сынды табиғи өнімдер дайындалады. Қазіргі таңда аталған өнімдер аудан аумағымен қатар Қызылорда және Тараз қалаларына да жөнелтілуде. Кәсіпорында 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұдан бөлек, осы кәсіпкер өзге де кәсіп түрлері арқылы 89 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Аудан әкімі кәсіпкердің еңбегіне оң баға беріп, алдағы уақытта өндірісті кеңейту мен өнім түрлерін арттыру бағытында мемлекеттік қолдау көрсету мүмкіндіктері қарастырылатынын атап өтті.

Бұдан кейін аудан басшысы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің бойында салынып жатқан «Жол бойы қызмет көрсету орталығының» құрылысымен танысты. Рысқұлов ауылдық округіне қарасты 2 гектар аумақта орналасқан бұл нысанда ауыр жүк көліктеріне арналған жөндеу орны, жолаушыларға қызмет көрсететін асхана және монша қарастырылған. Орталық толық іске қосылған жағдайда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Жоспарға сәйкес, нысан ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ аудан әкімі Рысқұлов ауылдық округінде салынып жатқан астық сақтайтын қоймаға барып, оның жұмыс барысын көрді. Жалпы аумағы 1000 шаршы метрді құрайтын қоймада тек астық сақтау ғана емес, бидай, арпа, жүгері секілді мал азықтарын ұнтақтайтын цех та жұмыс істейтін болады. Нысан іске қосылған соң кемінде 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Жұмыс сапары Тастұмсық ауылында бой көтеріп жатқан ауыр жүк көліктеріне арналған қызмет көрсету орталығында қорытындыланды. Күре жолдың бойында орналасқан, шамамен 2 гектар аумақты алып жатқан бұл орталықта жүк көліктерін жөндеу, көлік жуу орындары және асхана қарастырылған. Жоба жүзеге асқан жағдайда тағы 10 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылады деп күтілуде.

Кәсіпкерлік нысандарын аралау барысында аудан әкімі бизнеске қолайлы жағдай жасау, кәсіпкерлердің бастамаларын жан-жақты қолдау, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды. Асқар Естібаев кәсіпкерлік саласы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күші екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары