Жаңа жылды қоршаған ортаны қорғау, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және табиғатқа деген жанашырлықпен бастаған жетісайлық тұрғындар аудан көлемінде ауқымды аудандық сенбілік өткізді, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған тазалық шарасы Жетісай ауданында жоғары деңгейде өтті. Бұл күні аудан тұрғындары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, туған өлкенің көркеюіне өз үлестерін қосты.

Сенбілікке мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, білім, мәдениет, медицина саласының мамандары, сондай-ақ аудан жастары белсенді түрде қатысып, жалпы саны мыңға жуық адам жұмылдырылды. Тазалық жұмыстарын жүргізу үшін 20 бірлік арнайы техника тартылып, белгіленген аумақтар кезең-кезеңімен тазаланды. Бірлескен еңбектің нәтижесінде 18 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар жиналып, арнайы белгіленген полигондарға шығарылды.
Тазалық шаралары негізінен аудан аумағындағы республикалық және облыстық маңызы бар үлкен жолдардың бойларында, саябақтар мен скверлерде, көпшілік демалатын қоғамдық орындарда, сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйлердің айналасында жүргізілді. Сенбілік барысында қоқыстар жиналып қана қоймай, жасыл аймақтар ретке келтіріліп, арық-атыздар тазаланды, абаттандыру жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде елді мекендердің санитарлық жағдайы айтарлықтай жақсарып, ауданның келбеті жаңара түсті.
Ауқымды сенбілік барысында аудан әкімі Серік Мамытов тазалық жұмыстары жүргізілген аумақтарды аралап, қатысушыларға алғысын білдірді. Ол өз сөзінде тазалықты сақтау – әрбір тұрғынның ортақ міндеті екенін атап өтті.
– Тазалық – ортақ жауапкершілік. Мұндай шаралар тек қоршаған ортаны таза ұстауға ғана емес, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығы мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Бүгін аудан көлемінде мыңға жуық адам бір кісідей жұмылып, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға өз үлестерін қосты. Осындай бірлескен жұмыстар арқылы біз таза, көрікті әрі жайлы аудан қалыптастыра аламыз. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады, – деді аудан әкімі.

Айта кету керек, Жетісай ауданында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тазалық пен тәртіпті сақтау бағытындағы мұндай сенбіліктер тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертіп, жас ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Таза аула, таза көше, таза қала – ортақ еңбектің нәтижесі екенін жетісайлықтар тағы бір мәрте дәлелдеді.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары