Ордабасы ауданында халық көптен күткен жағымды жаңалық бар, – деп хабарлайды Jetpibai.kz тілшісі. Тұрғындардың ана мен бала денсаулығына деген сенімін арттыратын, заманауи талаптарға толық сай перинаталдық орталықтың құрылысы басталды. Бұл жоба – өңірдегі денсаулық сақтау саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды әлеуметтік бастамалардың бірі. Жаңа орталық болашақ аналар мен жаңа туған нәрестелерге сапалы, қауіпсіз және қолжетімді медициналық қызмет көрсетуді көздейді.

Аталған нысан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: Қазір және әрдайым» атты бағдарламалық бастамасы аясында жүзеге асырылуда. Жол картасында белгіленген бұл жоба елімізде перинаталдық көмекті күшейтіп, ана мен бала өлімін азайтуға, медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған. Перинаталдық орталықтар желісін дамыту – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар басым бағыттардың бірі саналады.
Құрылыстың тапсырыс берушісі – «Түркістан облысының құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесі. Жобалық-сметалық құжаттаманы «ЦАПСК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әзірлеген. Ал құрылыс жұмыстарын тәжірибесі мол «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС атқаруда. Нысанның сапалы әрі талапқа сай салынуы үшін техникалық және авторлық қадағалау ұйымдары тұрақты бақылау жүргізетін болады.

Жоспарға сәйкес, перинаталдық орталықтың құрылысы 2025 жылдың желтоқсан айында басталып, 2028 жылдың соңында толық аяқталады. Ғимараттың жалпы ауданы 32 мың шаршы метрден асады. Нысан 8 гектар аумақты алып, барлық санитарлық, қауіпсіздік және заманауи медициналық стандарттарға сай салынады. Жобаның жалпы құны 45,8 млрд теңгені құрайды.
Жаңа перинаталдық орталық іске қосылғанда Ордабасы ауданының ғана емес, көршілес елді мекендердің тұрғындары да жоғары деңгейдегі медициналық көмекке қол жеткізеді. Мұнда заманауи құрал-жабдықтар орнатылып, білікті дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері жұмыс істейді деп жоспарлануда. Бұл өз кезегінде күрделі босану жағдайларында дер кезінде көмек көрсетуге, ана мен бала денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда құрылыс алаңында жер жұмыстары басталып, дайындық шаралары қарқынды жүргізілуде. Жаңа перинаталдық орталық – тек медициналық нысан ғана емес, бұл – аналарға деген қамқорлықтың, сәбилерге деген үміттің және аудан болашағына деген сенімнің нақты көрінісі.
© Jetpibai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары