Түлкібас ауданы әкімдігі мен Қытай Халық Республикасының «Цзинь Чэн Цзяе» ЖШС компаниясы арасында екіжақты келіссөздер өтті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі.

Кездесу аудан экономикасын әртараптандыруға, өнеркәсіп саласын дамытуға және шетелдік инвестиция тартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде өтті. Басқосуға аудан әкімі Асқар Естібаев, аудан әкімінің салаға жауапты орынбасары, сондай-ақ аудандық кәсіпкерлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс және ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары қатысып, жобаның барлық қырын жан-жақты талқылады.
Келіссөз барысында қытайлық «Цзинь Чэн Цзяе» ЖШС компаниясының ауданда темір және құрылыс арматурасын өндіретін ірі өндіріс орнын ашу жөніндегі жоспары таныстырылды. Инвесторлардың айтуынша, болашақ кәсіпорын заманауи технологиялармен жабдықталып, ішкі нарықпен қатар экспортқа бағытталған өнім шығаруды көздейді.
Аталған компания негізінен құрылыс арматурасы, бұрыштық темір (уголок), швеллер, ыстық мырыштау өнімдері, биік қоршау панельдері, фотоэлектрлік бағаналар және өзге де құрылысқа қажетті металл бұйымдарын өндірумен айналысады. Жобаның жалпы құны 7,9 млрд теңгені құрап, өндірісте негізгі шикізат ретінде металл сынықтары – металлолом қолданылмақ. Бұл өз кезегінде қалдықтарды қайта өңдеу арқылы экологиялық тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Қытайлық тарап экологиялық талаптардың қатаң сақталатынын, өндірісте қоршаған ортаға зиян келтірмейтін заманауи әрі қауіпсіз технологиялар қолданылатынын атап өтті. Бұл мәселе аудан басшылығы тарапынан да ерекше назарға алынып, экология мен өндіріс арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажеттігі айтылды.
Өз кезегінде аудан әкімдігі өндіріс орнын ашу үшін қолайлы жер телімін ұсынуға, сондай-ақ қажетті инфрақұрылыммен – электр жарығы, газ, жол және өзге де инженерлік желілермен қамтамасыз етуге жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Егер келіссөздер сәтті аяқталып, жоба толық іске асатын болса, аудан аумағында жаңа өндіріс орны ашылып, ондаған, тіпті жүздеген жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылуы мүмкін. Сонымен қатар, салық түсімдері артып, ауданның өнеркәсіптік әлеуеті күшейіп, әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жаңа деңгейге көтеріледі.

Жалпы, мұндай ірі инвестициялық жобалар ауданның болашағына сенім ұялатып, өндірісті өңірлік дамудың басты қозғаушы күшіне айналдыруға жол ашатыны анық.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары