Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Балабиев Қайрат Рахымұлы Түркістан облысына жұмыс сапары аясында Шардара ауданына келіп, өңірде жүзеге асырылып жатқан бірқатар әлеуметтік-экономикалық маңызы бар жобалардың барысымен танысты, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Халық қалаулысының сапары аудан тұрғындары үшін өзекті саналатын тұрғын үй, инфрақұрылым және өндіріс бағытындағы нысандарды қамтыды.

Іссапар барысында Мәжіліс депутатын Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев бастап жүріп, Шардара қаласы, №4 шағын ауданында салынып жатқан 5 қабатты, 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс барысын таныстырды. Қазіргі таңда тұрғын үйдің шатыры толық жабылып, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары аяқталған. Сонымен қатар есік-терезелері орнатылып, жылыту жүйелері жүргізілуде. Бұл көпқабатты тұрғын үйді 2026 жылдың сәуір–мамыр айларында тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен көпбалалы отбасыларға тапсыру жоспарланып отыр. Аталған жоба – аудан тұрғындарын баспанамен қамту бағытындағы нақты қадамдардың бірі.
Айта кету керек, бүгінде Шардара ауданы бойынша тұрғын үй кезегінде 1747 азамат тіркелген. ҚР Үкіметінің 2023–2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында бұл мәселені кезең-кезеңімен шешу көзделген. Жаңа үйлердің салынуы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етіп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Шардара қаласындағы өндірістік парк аумағында салынып жатқан кәсіпкерлік нысандардың құрылысымен танысты. Жалпы аумағы 2 гектарды құрайтын өндірістік парк құрылысы 2025 жылдың қыркүйек айында басталған. Жоба аясында 6 өндірістік ғимарат салу жоспарланған. Қазіргі уақытта ғимараттардың іргетасы құйылып, металл қаңқалары тұрғызылған. Ең маңыздысы – өндірістік парк барлық қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтылған.

Бүгінде аудан кәсіпкерлерімен жүргізілген кездесулер нәтижесінде 6 кәсіпкер өз өндірісін осы аумақта орналастыруға ниет білдіріп отыр. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті экономиканың дамуына және ауданның өндірістік әлеуетін арттыруға серпін бермек. Өндірістік парк құрылысын 2026 жылғы 1 сәуірге дейін толық аяқтау жоспарланған.
Жұмыс сапары барысында депутат 14 Пекет шағын ауданындағы Тама су құбыры жобасының құрылысымен де танысты. Аталған жоба тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі таңда су құбыры тартылып, ұңғымалар қазылып, резервуарлар мен насос станцияларының құрылысы жүргізілуде. Жобаны 2026 жылдың мамыр–маусым айларында пайдалануға беру көзделген.

Сапар соңында Мәжіліс депутаты аталған жобалардың аудан тұрғындары үшін маңыздылығын атап өтіп, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар әрдайым назарда болатынын жеткізді. Іссапарға облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, партия өкілдері, жауапты мекеме басшылары, мердігер ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары