Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өңірде жүзеге асырылып жатқан және алдағы жылға жоспарланған құрылыс нысандары бойынша кеңейтілген жиын өтті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Мәжілісте 2026 жылға арналған құрылыс жұмыстарының жай-күйі, қаржыландыру көлемі, салааралық өзекті мәселелер, сондай-ақ мердігер ұйымдардың жауапкершілігі кеңінен талқыланды. Облыс басшысы құрылыс саласы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететінін атап өтіп, әрбір жоба қатаң бақылауда болатынын жеткізді.

Жиын барысында облыс әкімі жауапты басқарма басшыларына, аудан және қала әкімдеріне барлық нысандарды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды, анықталған кемшіліктерді жедел жоюды және жобаларға тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды. Әсіресе, бюджет қаржысының тиімді игерілуі мен құрылыс нормаларының сақталуына ерекше назар аударылды.
Түркістан облысы құрылыс басқармасының басшысы Абай Тұрхановтың мәліметінше, 2026 жылы өңірде жалпы саны 89 нысанның құрылысы жүргізіледі. Бұл мақсатқа 55,9 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 6,6 млрд теңге, облыстық бюджеттен – 39,2 млрд теңге, ал бюджеттен тыс қорлар есебінен – 10,1 млрд теңге бөлінбек. Жоспарланған нысандардың 80-і бюджет қаражаты есебінен салынса, 6 нысанға 2026 жылға қаржы қаралмаған, ал 3 жоба қорлар есебінен жүзеге асырылады.
Білім беру саласында 13 нысанның құрылысына 12 млрд теңге бағытталып, оның 9-ы 2026 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Қалған 4 білім нысаны қосымша қаржы бөлінген жағдайда тапсырылады. Барлық мектептерді жаңа оқу жылына, яғни 1 қыркүйекке дейін аяқтау көзделіп отыр. Бұл оқушы орындарының тапшылығын азайтуға және үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау саласында Сарыағаш қаласы мен Темірлан ауылында екі бірдей перинаталдық орталықтың құрылысы «Арнаулы мемлекеттік қор» есебінен қаржыландырылуда. Жобалардың жалпы құны – 83,2 млрд теңге. Қазіргі таңда нысандарда жер қазу және дайындық жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс мерзімінде аяқталуы үшін 2026 жылы облыстық бюджеттен қосымша 34,6 млрд теңге бөлу ұсынылды. Сонымен қатар Қазығұрт ауылындағы орталық аурухананы кәріз жүйесімен қамтамасыз ету нысаны пайдалануға берілмек.
Мәдениет саласында 2025 жылдан өтпелі 13 нысанның құрылысына 5,5 млрд теңге бөлінген. Мониторинг нәтижесінде Сарыағаш, Келес және Сауран аудандарындағы бірқатар мәдениет үйлерінде құрылыс талаптарының сақталмауы анықталып, мердігерлерге кемшіліктерді жою бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.

Спорт саласында 11 нысанға 3,6 млрд теңге қаралып, оның 6-ы 2026 жылы ел игілігіне беріледі. Алайда Ордабасы ауданының Шұбар елді мекеніндегі спорт кешені мен Төлеби ауданы Зертас ауылындағы спорт нысанында бірқатар техникалық мәселелер тіркелген. Бұл бойынша тиісті шешімдер қабылдау қажеттігі айтылды.
Тұрғын үй құрылысы бағытында 2026 жылы кредиттік 8 тұрғын үйдің, яғни 810 пәтердің құрылысы жалғасады. Қаржы толық бөлінген жағдайда аталған нысандарды жыл соңына дейін аяқтауға мүмкіндік бар. Сонымен бірге Жетісай қаласындағы 120 пәтерлік екі арендалық тұрғын үйдің құрылысын аяқтау үшін 620 млн теңге бөлу ұсынылды.
«Turan» арнайы экономикалық аймағында инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге бағытталған екі нысанның құрылысы жүріп жатыр. Электрмен жабдықтау және теміржол жобаларына қатысты техникалық-экономикалық негіздемелерге түзету енгізу қажеттігі де көтерілді. Ал инженерлік инфрақұрылым және абаттандыру саласында облыс аумағында 21 нысан салынып, оның 12-сін 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Бұдан бөлек, 7 көшенің құрылысына 2,9 млрд теңге қаралып, жыл соңына дейін 6 көше ел игілігіне тапсырылмақ.

Сондай-ақ бюджеттен тыс қорлар есебінен Түркістан қаласында «Ана мен бала» орталығының құрылысы, Бәйдібек пен Келес аудандарында ангар типтес жабық спорт залдарының құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандарды да биыл толық аяқтау жоспарланып отыр.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары