Ауылда шағын кәсіпкерлікті дамыту – тек экономикалық өсім ғана емес, әлеуметтік тұрақтылық пен ауылдың болашағын қамтамасыз ететін маңызды фактор, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Осы қағиданы басшылыққа алған аудан басшылығы жеке қабылдауларда көтерілген әрбір мәселені нақты іске айналдыруға басымдық беріп келеді.

Осы орайда, аудан әкімі Асқар Естібаев жеке қабылдау барысында өз кәсібін ашуға қолдау сұраған Ақбиік ауылының тұрғыны Полатбектің үйіне арнайы барып, бастамасымен танысты. Кәсіпкер өзінің жеке меншігіндегі 60 сотық жердің маңындағы табиғи бұлақ көзінен таза ауыз су өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр. Полатбек бастау суының сапасын арнайы зертханалық мекемеде тексертіп, оң қорытынды алған. Ендігі кезекте табиғи суды заманауи құрылғы арқылы пластик ыдыстарға құйып, нарыққа шығаруды көздеп отыр.
Қазіргі таңда кәсіпкер су құятын шағын цехтың құрылысын толық аяқтаған. Сондай-ақ шетелден қажетті құрал-жабдықтарға тапсырыс беріп, олардың келуін күтуде. Жобаның алғашқы кезеңінде тәулігіне 5 мың литр су өндіру жоспарланған. Бұл жылдық есеппен алғанда 1380 текше метр өнім шығаруға мүмкіндік береді. Аудан әкімі кәсіпкердің тың бастамасына оң бағасын беріп, болашақта өндіріс көлемін ұлғайту үшін жеке ұңғыма қазу мәселесін де назарда ұстау қажеттігін атап өтті.

Бұдан кейін Асқар Сұлтанұлы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі бойында бой көтеріп жатқан «Құрамыс ата» жол бойы қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Жалпы аумағы 2 гектарға жуық жерді алып жатқан нысан ағымдағы жылдың шілде айында толық іске қосылады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда кешеннің алғашқы бөлігі пайдалануға беріліп, мұнда 20-30 жолаушыға бір мезетте қызмет көрсетуге жағдай жасалған. Жалпы көлемі 900 шаршы метрді құрайтын орталықта алдағы уақытта ауыр жүк көліктерінің жүргізушілеріне арналған демалыс орындары да қарастырылмақ. Нысан толық іске қосылғанда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Аудан әкімі кәсіпкерге сәттілік тілеп, мемлекеттік қолдау тетіктері қажет болған жағдайда жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Жұмыс сапарының соңында аудан әкімі жауапты сала мамандарымен бірге Қожамберді және Рысқұл ауылдарында болды. Бұл елді мекендерде жеке қабылдаулар барысында тұрғындар тарапынан көтерілген жаңа құрылыс көшелеріне жол салу, газ және ауыз су желілерін тарту, сондай-ақ балалар ойын алаңшасын салу мәселелері жан-жақты пысықталды. Халықтың өтініштерін қанағаттандыру мақсатында жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеліп, орындалу мерзімі белгіленді. Аудан басшысы аталған мәселелерді жеке бақылауында ұстайтынын атап өтті.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары