Шымкент қаласындағы Сайрам тұрғын алабында орналасқан қалалық №3 аурухананың бас ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сай атқарылып, емдеу мекемесінің күнделікті қызметіне кедергі келтірмей, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Күрделі жөндеу жобасы бойынша «Строй-проект-инвентаризация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әзірлеген жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң қорытынды алған. Ал құрылыс-монтаж жұмыстарын «НКО» ЖШС мердігер ұйымы 2025 жылдың қазан айында бастаған. Жауапты мекемелердің мәліметінше, жөндеу барысында ғимараттың тозығы жеткен инженерлік желілері жаңартылып, ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары заманауи талаптарға сай жүргізілуде.
Айта кету керек, аталған медициналық нысанның іргетасы 1986 жылы қаланған. Ол ұзақ жылдар бойы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам аудандық ауруханасы ретінде халыққа қызмет көрсетті. 2018 жылы Сайрам тұрғын алабы Шымкент қаласының құрамына енгеннен кейін медициналық мекеме қайта құрылып, қалалық №3 аурухана мәртебесін алды. Содан бері бұл нысан мегаполистегі маңызды денсаулық сақтау ұйымдарының біріне айналды.
Бүгінде қалалық №3 аурухана көпсалалы медициналық көмек көрсететін ірі мекеме саналады. Ауруханада 263 төсек-орын бар. Мұнда инсульт орталығы, перзентхана, балалар бөлімі, хирургия, гинекология, патология, терапия, жүйке аурулары, жұқпалы аурулар және жансақтау бөлімшелері үздіксіз жұмыс істейді. Күн сайын жүздеген тұрғын сапалы медициналық қызмет алып, білікті дәрігерлердің көмегіне жүгінеді.
Күрделі жөндеудің басты мақсаты – емделушілер мен медицина қызметкерлері үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң аурухананың материалдық-техникалық базасы нығайып, санитарлық талаптар толық сақталатын болады. Бұл өз кезегінде көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттырып, тұрғындардың денсаулығын қорғауға оң әсерін тигізбек.

Қала әкімдігі мен денсаулық сақтау саласына жауапты басқарма өкілдері құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстап, жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде аяқталуына ерекше мән беріп отыр. Жаңарған аурухана Сайрам тұрғын алабы мен Шымкент қаласы халқы үшін маңызды әлеуметтік нысан ретінде қызметін одан әрі жалғастырмақ.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары