Катар мемлекетінің Доха қаласында өткен стенд атудан Азия чемпионатында Қазақстанның ұлттық құрамасы жалпыкомандалық есепте 1-орынға ие болды, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Құрлықтың ең мықты мергендері бас қосқан дүбірлі додада отандық спортшылар 5 алтын, 4 күміс және 5 қола медаль жеңіп алып, тарихи нәтижеге қол жеткізді. Бұл жетістікте Шымкент қаласының спортшыларының үлесі айрықша екенін ерекше атап өткен жөн.

Азия чемпионатында шымкенттік мергендер өздерінің жоғары дайындығын, төзімділігі мен кәсіби шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Скит жаттығуы бойынша өнер көрсеткен Ольга Хайлова командалық есепте алтын медаль иеленіп, жеке сында қола жүлдені қанжығасына байлады. Сонымен қатар ерлер арасында Ратмир Еникеев ұлттық құраманың сапында өнер көрсетіп, командалық есепте қола медальға қол жеткізді.
Жасөспірімдер арасында да шымкенттік спортшылардың нәтижесі қуантты. Максим Почивалов жеке сында күміс жүлдеге ие болса, Артём Ревковпен бірге командалық есепте алтын медаль жеңіп алды. Бұл – жас спортшылардың болашағынан зор үміт күттіретін көрсеткіш. Ал трап жаттығуында жасөспірімдер арасында сынға түскен Денис Кривенко жеке сайыста қола жүлдені олжалады.

Ересектер арасында да шымкенттік мергендер жоғары деңгейде өнер көрсетті. Ерлер арасында Максим Бедарев күміс медаль жеңіп алса, әйелдер арасында Наргиза Сарманова мен Анастасия Прилепина ұлттық құрама сапында чемпион атанып, ел мерейін асқақтатты. Чемпионат барысында қазақстандық спортшылар үш бірдей Азия және әлем рекордын жаңартып, құрлықтық жарыстың басты жаңалығына айналды.

Айта кетейік, байрақты бәсекеге Азияның 20-дан астам мемлекеті қатысып, Қазақстан атынан 40 мерген ел намысын қорғады. Мұндай ауқымды жарыста топ жарып, үздік нәтиже көрсету – отандық спорттың, оның ішінде Шымкент қаласындағы стенд ату мектебінің жүйелі дамып келе жатқанының айқын дәлелі. Бұл жеңіс алдағы халықаралық жарыстарға үлкен серпін беріп, жас спортшыларға мотивация болары сөзсіз.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары