Жетісай ауданы аумағында жүзеге асырылып жатқан «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы – өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жоба, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Аталған жоба оңтүстік өңірдің транзиттік мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау мен экспортқа шығаруды жеңілдетуге жол ашады. Сонымен қатар жаңа теміржол желісі шекара маңындағы аудандардың экономикалық белсенділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етпек.

Осыған орай Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен арнайы жиын өтіп, онда «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Нұрабаев пен «Integra Construction KZ» ЖШС-нің бас инженері Дархан Әлжанов қатысып, жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы жан-жақты талқыланды. Кездесу барысында құрылыс жұмыстарының кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы, жер мәселелерінің шешілу барысы, инженерлік инфрақұрылым нысандарының салынуы және алдағы жоспарлар кеңінен сөз болды.
Жоба аясында Жетісай ауданы аумағынан өтетін теміржол желісінің ұзындығы 12,98 шақырымды құрайды. Осы мақсатта 153 жер пайдаланушыға тиесілі жалпы көлемі 74,383 гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылып алынып, заң талаптарына сәйкес облыстық бюджеттен 106 493 431 теңге көлемінде өтемақы төленген. Бұл жұмыстар жер иелерімен өзара келісім негізінде жүргізіліп, әлеуметтік шиеленістерге жол бермеу басты назарда болғаны атап өтілді.

Теміржол желісінің қауіпсіз әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін бірқатар маңызды инженерлік нысандардың құрылысы жоспарланған. Атап айтқанда, 1096+32 пикетінде көпір, 964+83 пикетінде автожолмен қиылысатын путепровод, сондай-ақ 29 су өткізу құбыры салынбақ. Бұдан бөлек, Қазыбек би ауылдық округі мен Сырабат елді мекендерінің маңындағы автожол өтпесіне байланысты 33 жер учаскесін мемлекет қажеттілігіне алу үшін аудан әкімдігі тарапынан Түркістан облысының әкімдігіне тиісті хат жолданған.
Қазіргі таңда 423 жерге орналастыру жобасы ауданның жер қатынастары бөліміне тапсырылып, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жер пайдаланушылардың құжаттарын келісу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, жобаны белгіленген мерзімде аяқтауға мүмкіндік береді.

Жиын соңында аудан әкімі Серік Мамытов жауапты сала басшыларына жер рәсімдеу жұмыстарын жеделдетуді, құрылыс сапасын тұрақты бақылауда ұстауды және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Аймақ үшін стратегиялық маңызы бар бұл жоба толық іске асқанда, Жетісай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретіні айтылды.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары