Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Түркістан » ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ІРІ МАЛ БОРДАҚЫЛАУ АЛАҢЫ САЛЫНБАҚ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ІРІ МАЛ БОРДАҚЫЛАУ АЛАҢЫ САЛЫНБАҚ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында мал шаруашылығын дамытудың стратегиялық маңызын атап өткен болатын, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Президент өз сөзінде 2035 жылға қарай әлемде ет тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға дейін өсетінін, ал ет импорты 27 миллион тоннаға жететінін атап өтіп, Қазақстанның, әсіресе Азия нарығына сапалы ет экспорттайтын ірі мемлекетке айналуына толық әлеуеті бар екенін жеткізген еді. Бұл тапсырма бүгінде өңірлерде нақты инвестициялық жобалар арқылы кезең-кезеңімен іске асырылуда.

Возможно, это изображение один или несколько человек

Аталған стратегиялық міндет аясында Түркістан облысы, Келес ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округі аумағында қуаттылығы 20 мың басқа арналған заманауи ірі қара мал бордақылау алаңын салу жоспарланып отыр. Жоба жеке кәсіпкердің бастамасымен жүзеге асырылмақ. Инвестор 20 гектар жер аумағына 8 млрд теңге көлемінде инвестиция құюды көздеп, халықаралық талаптарға сай, соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған өндірістік кешен салуды жоспарлаған. Жоба аясында автоматтандырылған жем беру жүйесі, қалдықтарды қайта өңдеу алаңы, санитарлық тазалау инфрақұрылымы және экологиялық қауіпсіздікке бағытталған бірқатар шешімдер қарастырылған.

Айта кету керек, жоба ауыл тұрғындарының алаңдаушылығын да ескерусіз қалдырған жоқ. Осыған байланысты Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев жоспарланған нысан аумағында болып, жергілікті тұрғындармен арнайы кездесу өткізді. Кездесу барысында аудан басшысы жобаның экономикалық және әлеуметтік маңызын кеңінен түсіндіріп, тұрғындар тарапынан қойылған барлық сұрақтарға ашық әрі нақты жауап берді.

Возможно, это изображение Арктика

Жиын барысында ауыл тұрғындары инфрақұрылым мәселелерін көтеріп, ауылішілік жолдарды жөндеу, жаңа мектеп пен мәдениет үйін салу жөнінде ұсыныстарын білдірді. Бұл мәселелерге қатысты аудан әкімі түсініктеме беріп, кәсіпкерліктің дамуы ауыл бюджетінің артуына тікелей әсер ететінін атап өтті.

– Ауылда кәсіпкерлер көбейсе, салық көлемі де артады. Ал салықтың артуы – ауыл бюджетінің ұлғаюы. Бұл дегеніміз – жол, мектеп, мәдениет үйі секілді әлеуметтік нысандардың салынуына мүмкіндік туады. Сондықтан біз осындай ірі жобаларды қолдауға мүдделіміз. Олар ауылдың дамуына нақты серпін береді, – деді аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев.

Нет описания фото.

Сондай-ақ кездесуде жайылымдық жер мәселесі де көтерілді. Аудан басшысы бұл бағытта нақты ұстанымды жеткізіп, жайылымдық жерлер кәсіпкерге берілмейтінін, тек жобаның бастапқы кезеңінде 5 гектар жер уақытша пайдалануға ұсынылатынын айтты. Сонымен қатар, кәсіп бастауға ниетті жергілікті тұрғындарға да мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау көрсетілетіні атап өтілді.

Инвестор тарапынан жобаның санитарлық-қорғау аймағы, экологиялық қауіпсіздігі, иіс шығармайтын заманауи технологиялардың қолданылуы, қалдықтарды өңдеу жүйесі туралы толыққанды ақпарат берілді. Жоба толық іске қосылған жағдайда 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, ауыл тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады.

Возможно, это изображение один или несколько человек

Жалпы алғанда, бұл ірі инвестициялық жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындауға, өңір экономикасын нығайтуға және Келес ауданы тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды бастама ретінде бағалануда.

© Jetpisbai.kz

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*