Аудан экономикасына инвестиция тарту мақсатында аудан әкімі Арман Абдуллаевтың төрағалығымен кезекті инвестиция штабының отырысы өтті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Жиын барысында өңірде жүзеге асырылып жатқан және алдағы кезеңге жоспарланған инвестициялық жобалардың барысы кеңінен талқыланып, олардың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тигізер ықпалына ерекше назар аударылды.

Инвестициялық штабтың отырысына индустриялық аймақта күнбағыс майын өндіру цехының құрылысын жүзеге асырып отырған «Аль Барака 077» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері, сондай-ақ «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-ның Сарыағаш газ шаруашылығы мекемесі мен «Дарбаза ТСЖ» ӨБ өкілдері қатысты. Кездесу барысында өндірістік нысандарды қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, атап айтқанда су және газ желілеріне қосылу мәселелері жан-жақты талқыланды.
Аудан әкімі инфрақұрылымсыз өндірістің толыққанды жұмыс істеуі мүмкін еместігін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіру және бақылау міндетін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне жүктеді. Сонымен қатар ауылдық округ әкімдеріне де атқарылып жатқан жұмыстар бойынша тұрақты түрде ақпарат беріп, инвесторлармен кері байланысты күшейту тапсырылды. Бұл – жобалардың уақытында әрі сапалы іске асуына мүмкіндік беретін маңызды қадамдардың бірі.
Жиын барысында 2026 жылы жүзеге асырылуы жоспарланған бірқатар инвестициялық жобалардың да өзекті мәселелері қаралды. Жер телімдерін рәсімдеу, коммуникация тарту, рұқсат құжаттарын алу секілді мәселелер бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, орындалу мерзімдері белгіленді. Аудан басшысы әрбір жобаның аудан экономикасына қосатын үлесі жоғары екенін атап өтіп, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.

– Индустриялық аймақта ашылатын әрбір жаңа өндіріс – бұл жаңа жұмыс орындары, салық түсімдерінің артуы және ауданның дамуына қосылған нақты үлес. Сондықтан біз инвесторларға қолайлы жағдай жасап, туындаған мәселелерді дер кезінде шешуге мүдделіміз, – деді Арман Абдуллаев.
Сондай-ақ инвестициялық штаб отырысында «B.R.R Sauda» ЖШС өкілі индустриялық аймақ аумағында салынатын өсімдік майын өндіру цехының жобасын таныстырды. Аталған жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын дамытуға бағытталған. Осыған байланысты кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне жобаны сүйемелдеу, қажетті қолдау тетіктерін қарастыру жөнінде нақты міндеттер жүктелді.

Жалпы алғанда, инвестициялық штабтың бұл отырысы аудан аумағында өндіріс орындарын көбейтуге, кәсіпкерлікті дамытуға және экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы ретінде бағаланды.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары