«Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдама» аясында Сарыағаш қаласына қарасты Самал-3 шағын ауданында үш қабатты тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарының барысы пысықталды, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Бұл жоба өңір тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамтуға бағытталған маңызды әлеуметтік бастамалардың бірі саналады.
Құрылыс нысанына арнайы барып, жұмыстардың барысымен танысқан аудан әкімі Арман Абдуллаев жауапты сала басшыларына құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстап, белгіленген мерзімнен кешіктірмей аяқтауды тапсырды. Аудан басшысы тұрғын үй құрылысы – халықтың әл-ауқатын арттыруға тікелей әсер ететін негізгі бағыттардың бірі екенін атап өтті.

– Тұрғындар игілігіне салынып жатқан әрбір нысан сапалы әрі уақытылы пайдалануға берілуі тиіс. Бұл үйлерде ондаған отбасы қоныстанады. Сондықтан әрбір бөлшекке дейін мұқият қарау қажет. Құрылыс барысы тұрақты бақылауда болады, – деді Арман Абдуллаев.
Бүгінгі таңда құрылыс нысанында негізгі жер жұмыстары толық аяқталып, іргетас құю жұмыстары жүргізілген. Қазіргі уақытта кірпіш қалау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Сонымен қатар тұрғын үйлердің шатырлары жабылып, терезелері орнатылған. Алдағы кезеңде ішкі әрлеу, инженерлік желілерді тарту және абаттандыру жұмыстары қолға алынбақ.

Аталған жобаны жеке инвесторлар – «Azimut Stroy Invest» ЖШС және «DS Stroy Building» ЖШС жүзеге асыруда. Жалпы Самал-3 шағын ауданында 72 пәтерден тұратын үш қабатты 3 тұрғын үй салынуда. Жобалық жоспарға сәйкес, пәтерлердің құрылымы тұрғындардың сұранысын ескере отырып жасалған. Атап айтқанда, 1 бөлмелі – 18 пәтер, 2 бөлмелі – 36 пәтер, 3 бөлмелі – 18 пәтер қарастырылған.
Мамандардың айтуынша, бұл тұрғын үйлер заманауи талаптарға сай салынып, инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етіледі. Аумақты абаттандыру, автотұрақтар мен балалар ойын алаңдарын салу да жоба аясында жоспарланған. Бұл өз кезегінде жаңа қоныстанушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жалпы, Самал-3 шағын ауданында бой көтеріп жатқан бұл тұрғын үйлер 2026 жылы пайдалануға берілмек. Жоба іске қосылғаннан кейін ондаған отбасы жаңа баспанаға қол жеткізіп, Сарыағаш қаласындағы тұрғын үй мәселесін шешуге өз үлесін қоспақ.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары