Түркістан облысында тарихи және мәдени мұраны цифрлық форматқа көшіру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің дамуы ұлттық бірегейлікті нығайтуда шешуші рөл атқаратынын атап өткен болатын. Президенттің пікірінше, өз тарихы мен мәдени мұрасын цифрлық форматқа көшірген елдер ғана жаһандық өркениетте орнын сақтап, жаңа технологияларды тиімді пайдалана алады. Осы тұрғыда Түркістан облысы да өз бастамаларын белсенді түрде іске асыруда.
Қазіргі таңда облыстағы 388 кітапхана оқырмандарға қызмет көрсетеді. Оның ішінде Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы әдістемелік орталық ретінде жұмыс істейді. Облыстағы 349 кітапхана компьютерлік техникамен қамтамасыз етілген, 217 кітапхана интернет желісіне қосылған. Аудандық және ауылдық кітапханаларды да кезең-кезеңімен цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

«Фараб» кітапханасы заманауи технологиялармен жабдықталған: ИРБИС бағдарламасы арқылы 40 мыңнан астам кітап енгізілген, автоматты 24/7 қызмет көрсететін терминал орнатылған және RFID жүйесі енгізілген. Сондай-ақ, биыл кітапхана базасында «Дрон» сыныбы ашылады. FabLab сандық шеберханасында 3D-принтерлер, лазерлік құрылғылар, ағаш кесетін станоктар және робототехникаға арналған заманауи құралдар пайдалануға беріледі.
Биыл Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасы Түркістан қаласында жаңа ғимаратқа көшті. Заманауи кітапханада Face-ID жүйесі мен жылдам оқырман билетін шығару принтері орнатылды. Барлық қор Ирбис бағдарламасы арқылы цифрландырылып, оқырмандар қауіпсіз және ыңғайлы қызмет ала алады.
Сонымен қатар, облыстағы 24 музей компьютермен жабдықталып, интернет желісіне қосылған. Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығы кинетикалық, интерактивтік және аудиовизуалды технологияларды қолдана отырып, Қазақстандағы жоғары технологиялық музейлердің біріне айналды. Әр залдағы LED экрандар мен LCD панельдерде экспонаттар туралы ақпараттар үш тілде көрсетіледі.

Цифрлық технологияларды енгізу тарихи-мәдени мұраны сақтау мен насихаттауды жаңа деңгейге көтеріп, өңірдің рухани әлеуетін кеңінен танытуға мүмкіндік береді. Жүйелі жұмыстар туристер мен жергілікті тұрғындарға тарихи жәдігерлерге қолжетімділікті арттырып, Түркістанның мәдени-рухани орталығы ретінде беделін одан әрі күшейтеді.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары