Шымкент қаласында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған IV «Жігерлі жүрек» форумы өтті. Ауқымды іс-шара белсенді азаматтарды, ерекше балалардың ата-аналарын, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдар мен бизнес өкілдерін бір алаңға біріктірді. Жастар ресурстық орталығында өткен форумның басты мақсаты – инклюзивті қоғамды дамыту, ерекше қажеттіліктері бар адамдар мен олардың отбасыларын қолдау, сондай-ақ білім алу, жұмысқа орналасу және әлеуметтік тұрғыдан өзін жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру.
Форумды кедергісіз орта қалыптастыру бағытында жұмыс істейтін «Arman Alemi» қозғалысы Шымкент қаласы әкімдігінің жастар саясаты басқармасының қолдауымен және серіктес – «Шымкент – қайырымды қала» корпоративтік әлеуметтік даму қорының қатысуымен ұйымдастырды. Бірнеше жылдан бері өткізіліп келе жатқан жоба инклюзия саласында тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді талқылауға және тиімді шешімдерді іздеуге арналған маңызды диалог алаңына айналды. Форум аясында сарапшылар мен әлеуметтік жобалар жетекшілерінің баяндамалары ұсынылып, мемлекет, бизнес және азаматтық сектор арасындағы серіктестікті нығайту мәселелері талқыланды.
Форумның ашылуында Шымкент қаласы әкімдігінің жастар саясаты басқармасының басшысы Азамат Парманов іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
– Форумның басты мақсаты – ерекше жандарға қолдау көрсету, олардың қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезіндіру және дарынды жастарға өз мүмкіндіктерін көрсетуге жағдай жасау. Қала әкімдігі мұндай бастамаларды әрдайым қолдайды. Өйткені олар баршаға тең мүмкіндік беретін қоғам қалыптастыруға ықпал етеді, – деді ол.
Іс-шараға жобаның авторы, мотиватор, әнші және қоғам белсендісі Салих Калиевтің қатысуы форумға ерекше әсер сыйлады. Ол өз сөзінде форумның басты идеясы – адамдарды шабыттандыратын және рухы мықты жандардың тәжірибе бөлісетін алаңы екенін атап өтті.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары