Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Аймақ тынысы » СОЗАҚ: СЫЗҒАНДА СЕРПІНДІ ЖҰМЫСТАР МЕН ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

СОЗАҚ: СЫЗҒАНДА СЕРПІНДІ ЖҰМЫСТАР МЕН ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков жұмыс сапарымен Сызған ауылдық округінде болып, тұрғындармен ашық кездесу өткізді. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, іске асқан жобалар мен алдағы міндеттер жан-жақты талқыланды.
Ақ кимешекпен ерекшеленген ауыл әжелері кездесудің ерекше көрінісіне айналды. Қариялар ақ батасын беріп, ауылға жасалған игі істерге ризашылықтарын білдірді. Ауыл тұрғындары өз кезегінде бұған дейін көтерілген мәселелердің кезең-кезеңімен шешімін тауып, бірқатар маңызды жобалардың жүзеге асқанын атап өтті. Округ әкімі Базар Жаппарқұлов өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, нақты нәтижелерді баяндады.
Бүгінде округте инфрақұрылым жүйелі түрде жаңарып келеді. Биыл қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ Сызған ауылына кіреберіс жол бойындағы су өткізгіш құбырларға ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынған.
Өткен жылы ұзындығы 13,3 шақырымды құрайтын «КХ-110» бағытындағы Қозмолдаққа дейінгі облыстық маңызы бар автожол толық аяқталып, пайдалануға берілді. Қозмолдақ елді мекеніндегі футбол алаңы жаңартылып, тұрғындар игілігіне қайта ұсынылды. Сонымен қатар Қ.Тоқмұхамедов және Ж.Дәуітбаев көшелеріне 2,3 шақырым жаңа аяқжол төселді.
Балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында Қайнар, Қозмолдақ және Басбұлақ елді мекендерінде ойын алаңшалары салынып, Қозмолдақтағы Қ.Рүстемов көшесінде заманауи воркаут алаңы бой көтерді.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қайнар ауылындағы үш бірдей көшеге – Қайнар–Бұлақ, Ж.Әділбеков және Б.Әметшеев көшелеріне жалпы ұзындығы 7,9 шақырым асфальт төселіп, ауылішілік жол сапасы айтарлықтай жақсарды.
Көшелерді жарықтандыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Сызған, Қайнар, Қозмолдақ және Басбұлақ елді мекендерінде 12,9 шақырым көше жарығы орнатылып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы артты.
Бұқаралық спортты дамыту мақсатында Қозмолдақ ауылында жабық футбол алаңы салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар округ аумағында төрт бірдей көпірдің құрылысы жүргізіліп, көлік қатынасы жеңілдеді. Атап айтқанда, Қозмолдақ–Басбұлақ бағытындағы көпір мен Т.Төреханов және Е.Алдасүгірұлы көшелеріндегі өткелдер ел игілігіне қызмет етуде.
Мәдениет саласында да оң өзгерістер бар. Ауылдық клубқа жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстары мәдени қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік берді.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*