Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Аймақ тынысы » ТҮРКІСТАНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АЛЛЕЯСЫ АШЫЛДЫ

ТҮРКІСТАНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АЛЛЕЯСЫ АШЫЛДЫ

Түркістан қаласында «Ерлік пен бірлік – заң мен тәртіптің тірегі» атты кең ауқымды акция аясында «Таза Қазақстан» аллеясының ашылу салтанаты өтті. Игі бастама Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйытқы болуымен және облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Акцияға зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының басшылары, депутаттар мен қоғам белсенділері, белсенді жастар қатысты.

Аталған акция 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мен Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналды. Басты мақсат – тарихи жадты сақтау, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, сондай-ақ экологиялық мәдениет пен қоғамдық құндылықтарды дәріптеу.

Жиында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев сөз сөйлеп, бастаманың рухани және қоғамдық маңызына тоқталды. Ол бұл аллея тек көгалдандыру шарасы ғана емес, өткенге тағзым мен болашаққа бағдар екенін атап өтіп, заң мен тәртіп үстемдігі – әділетті қоғамның басты тірегі екенін жеткізді. Сонымен бірге елге еңбегі сіңіп жүрген бірнеше азаматты марапаттады.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Таза Қазақстан» бағдарламасының өмірлік дағдыға айналуы керектігін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Таза Қазақстан» бағдарламасын жариялап, экологиялық маңызы зор бастама көтерген болатын.Осы тапсырма аясында Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгін сол акцияларды жалғастырып, «Таза Қазақстан» аллеясының іргетасын қалау рәсімінде бас қосып тұрмыз. Сондықтан бүгінгі бастамаға қолдау білдірген экономикалық тергеп-тексеру департаментіне, зиялы қауым мен белсенді жастарға шынайы алғысымды білдіремін. «Таза Қазақстан» бағдарламасы – біркүндік немесе уақытша бастама емес. Ол біздің өмір салтымызға айналуы керек. Былтыр өңірімізде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 7 мыңнан аса іс-шара өтіп, 1 миллионнан астам ағаш егілді. Елді мекендер қоқыстан тазартылып, аймағымыз жайнай түсті. Биыл да бұл жұмыстар жалғасып, миллионнан аса көшет егіледі. Осы бастамаға серпін берген жаңа аллея – тазалық пен дамудың, бірлік пен жасампаздықтың мәңгілік символына айнала берсін! Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! – деді Нұралхан Көшеров.

Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев пен Түркістан облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов та сөз сөйлеп, қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен адалдық қағидаттарын нығайтудағы мұндай бастамалардың рөлін атап өтті.

Мәдени бағдарлама аясында патриоттық әндер шырқалды. Арыстағы Т.Тәжібаев атындағы балалар ауылының тәрбиеленушілері мен «Жаңа леп» ұжымы өнер көрсетті.

Іс-шара барысында «Таза Қазақстан» аллеясына қазақ халқының көрнекті батырлары мен тарихи тұлғалары дүниеге келген өңірлерден арнайы жеткізілген көшеттер отырғызылды. Әрбір ағашқа олардың есімдері символдық түрде беріліп, бұл бастама тарихи мұраны ұлықтау мен экологиялық жауапкершілікті ұштастырған ерекше жобаға айналды.

Бұл аллея тек бір реттік көгалдандыру шарасы емес, Түркістан қаласының экологиялық келбетін жақсартуға бағытталған ұзақ мерзімді жоба ретінде қарастырылады. Мұнда отырғызылған әрбір ағаштың күтімі мен өсуі тұрақты бақылауға алынып, арнайы күтім жасау жүйесі жолға қойылатын болады. Бұл өз кезегінде қаланың жасыл белдеуін кеңейтіп, тұрғындар үшін қолайлы экологиялық орта қалыптастыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар, аллея аумағында алдағы уақытта жастарға арналған тәрбиелік және танымдық іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Мұндай бастамалар жас ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, экологиялық жауапкершілік пен азаматтық ұстанымын нығайтуға мүмкіндік береді. Әсіресе мектеп оқушылары мен студенттердің белсенді қатысуы ерекше маңызға ие болмақ.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайтудың да маңызды құралы саналады. Түрлі саланың өкілдері бір алаңда бас қосып, ортақ іске атсалысуы ел ішіндегі өзара түсіністік пен сенімді арттыра түседі. Осылайша аллея тек табиғатты көркейту орны ғана емес, қоғамдық келісімнің де символына айналмақ.

Алдағы уақытта «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы мұндай жобалар еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасын табады деп күтілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар экологиялық мәдениетті қалыптастырумен қатар, тарихи-рухани құндылықтарды жаңғыртуға да серпін бермек. Түркістандағы жаңа аллея осы үлкен қозғалыстың маңызды бір бөлігі ретінде өз орнын алатыны сөзсіз.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*