Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Аймақ тынысы » ТҮРКІСТАН: ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ ІСКЕ АСУ БАРЫСЫ ҚАРАЛДЫ

ТҮРКІСТАН: ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ ІСКЕ АСУ БАРЫСЫ ҚАРАЛДЫ

Биыл Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен 5 инвестициялық штаб отырысы өткізіліп, 31 хаттамалық тапсырма берілді. Хаттамалық тапсырмаларлың орындалу барысы, инвестициялық жобалардың ағымдағы жағдайы облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында пысықталды.

Инвестициялық штабтың күн тәртібінде үш мәселе қаралады. Жиын барысында инвесторлар осы жылы іске асырылуы жоспарланған инвестициялық жобалардың ағымдағы жағдайы туралы баяндады. Одан бөлек, облыс әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы пысықталды. Сонымен қатар биыл іске асырылатын инвестициялық жобалар және өткен жылы шетелдік инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің нәтижелері туралы Арыс қаласы және Сарыағаш ауданы әкімдерінің есебі тыңдалды.

Облыс әкімінің орынбасары жауапты басшыларға жаңа жобаларды іске қосу жұмыстарын мерзімінде орындауды, инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

– Облыс аумағындағы барлық электр қосалқы станцияларына инвентаризация жүргізіп, бос қуат резервтерін анықтаңыздар. Барлық автоматтандырылған газ үлестіру станцияларының (АГРС) техникалық жай-күйіне толық ревизия жүргізіп, әрбір станцияның жобалық қуаты мен нақты тұтыну көлемі туралы ақпарат беріңіздер. Инфрақұрылым мәселесі толық шешілуі тиіс, – деді Қанат Қайыпбек.

Түркістан облысында биыл да бірқатар инвестжоба қолға алынған. Мәселен, «EURO SANDWICH PANEL» ЖШС Сауран ауданы Шаға ауылдық округінде сэндвич-панельдер өндіру және металл конструкциялар өндіру зауытын салуда. Шардара ауданында «Dos Big Company» ЖШС қонақ үй кешені мен фитнес орталығының құрылысын жүргізуде. Төлеби ауданында «Тауэнерго» ЖШС шағын ГЭС құрылысы жобасын қолға алды. Одан бөлек, «Jasyl qyat» ЖШС-ның шағын ГЭС құрылысы іске асырылуда. Түлкібас ауданында «Майлыкент Ферм» ЖШС тауарлы сүт фермасы жобасын жыл соңына дейін іске қосуды жоспарлап отыр.

Инвестициялық жобалардың сәтті жүзеге асуына әкімдік тарапынан қолдау көрсетіліп, атқырылып жатқан жұмыстар облыс әкімінің тікелей бақылауына алынған.

Жиында сондай-ақ өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсарту, шетелдік және отандық инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау мәселелері кеңінен талқыланды. Инфрақұрылымдық кедергілерді жою және жобаларды сүйемелдеу тетіктерін жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар айтылып, жауапты басқармаларға тиісті тапсырмалар жүктелді.

Облыс аумағында жүзеге асырылып жатқан жобалар тек өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға да айтарлықтай үлес қосады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтуға және өңір экономикасының әртараптануына серпін береді.

Сонымен қатар, бірқатар жобаларда жергілікті қамту үлесін арттыру және отандық өнімдерді пайдалану мәселесі де назарға алынды. Бұл бағытта кәсіпкерлермен тұрақты байланыс орнатып, өндіріс тізбегін жергілікті ресурстармен қамтамасыз ету маңызды екені атап өтілді.

Алдағы уақытта инвестициялық штабтың жұмысы жүйелі түрде жалғасып, әрбір жоба кезең-кезеңімен бақылауда болады. Бұл өңірде инвестициялық жобалардың уақытылы әрі сапалы жүзеге асуына мүмкіндік беріп, Түркістан облысының экономикалық әлеуетін одан әрі нығайтпақ.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*