Созақ ауданына қарасты Жартытөбе ауылдық округінде шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамып, 10-нан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл бастамалар ауыл тұрғындарының табысын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр. Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков ауылға арнайы барып, жүзеге асып жатқан жобалардың барысымен танысты.
Бүгінде ауыл кәсіпкерлері кооператив құруға дайындалып, «Ауыл аманаты» жобасы аясында өз кәсіптерін одан әрі кеңейтуді көздеуде. Сонымен қатар, алдағы уақытта отандық өнімдерді саудалауға арналған күре жол бойынан арнайы базар ашу жоспарланып отыр. Жартытөбеде өндіріс пен қызмет көрсету салаларын қатар қамтыған жобалар ауыл экономикасын әртараптандыруға серпін беруде. Мәселен, «JARTYTOBE broiler» өндірісі — табиғи азықпен өсірілген, жоғары сапалы бройлер тауық етін нарыққа ұсына бастаған. Сонымен қатар, бөдене еті мен жұмыртқасын өндіру де жолға қойылып, экологиялық таза өнім ретінде сұраныс алып отыр.
Сондай-ақ, қолға алынған жаңа жобалардың бірі – «Хикол» қоян шаруашылығы. Хикол тұқымы – ет бағытында өсірілетін жоғары өнімді қояндардың бірі. Бұл тұқым тез өсіп, сапалы әрі нәзік ет берумен ерекшеленеді. Қоян еті диеталық өнім ретінде бағаланып, адам ағзасына жеңіл сіңеді. Бұдан бөлек, мал шаруашылығы бағытында «Амангелді» шаруа қожалығы бұған дейін қымыз өндірісімен айналысса, ендігі кезекте шұбат өндірісін қолға алған. Табиғи шикізаттан дайындалған ұлттық өнімдер өзінің емдік қасиетімен ерекшеленеді. Ал «Бибарыс» шаруа қожалығы балық шаруашылығын дамытып, табиғи әрі сапалы өнім түрлерін ұсынуда.
Өңдеу саласында да ілгерілеу бар. «Гаухар» жеке кәсіпкерлігі — жартылай фабрикат өнімдерін өндіруді жолға қойса, «Дамир» кәсіпорны — нан және макарон өнімдерін шығарып, ауылды күнделікті тұтыну тауарларымен қамтамасыз етуде. Инфрақұрылым саласында «ZHOMART» мекемесі көше жарығын күтіп-ұстау жұмыстарын жүргізіп, ауылдың жарықтандыру жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуде. Ал құрылыс бағытында «Майусов» жеке кәсіпкерлігі — термопанель өндірісін қолға алып, заманауи әрі үнемді құрылыс материалдарын ұсынып отыр.
Жартытөбе ауылындағы кәсіпкерліктің дамуы ауыл экономикасының өзін-өзі қамтамасыз ету бағытына біртіндеп көшіп келе жатқанын көрсетеді. Әртүрлі салаларда жұмыс істейтін шағын кәсіпорындардың көбеюі ішкі нарықтағы сұранысты жергілікті өндіріс арқылы өтеуге мүмкіндік беріп, сыртқы тәуелділікті азайтады.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы мен өңдеу саласының қатар дамуы қосылған құны жоғары өнім өндіруге жол ашып отыр. Мал, құс және балық шаруашылығымен қатар, дайын азық-түлік өнімдерін шығару бағыттарының қалыптасуы ауыл экономикасының құрылымын күрделендіріп, табыс көздерін әртараптандырады.
«Ауыл аманаты» сияқты бағдарламалар кәсіпкерлердің бастамаларын қолдап, олардың бизнесін кеңейтуге нақты мүмкіндік беріп отыр. Кооператив құру бастамасы ұсақ шаруашылықтарды біріктіріп, өндірістің тиімділігін арттыруға және нарыққа тұрақты өнім шығаруға жағдай жасайды.
Күре жол бойында сауда базарын ашу жоспары ауылдың логистикалық және сауда әлеуетін күшейтеді. Бұл жергілікті өнімдердің өткізу нарығын кеңейтіп қана қоймай, сырттан келетін тұтынушылар ағынын да арттыруы мүмкін, нәтижесінде ауылдың экономикалық белсенділігі күшейеді.
Жалпы алғанда, Жартытөбе ауылындағы кәсіпкерлік жобалар ауылдық аумақтың дамуына жаңа серпін беріп, тұрғындардың табысын арттыруға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған кешенді өзгерістердің қалыптасып жатқанын көрсетеді.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары