Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті аясында «Жеті қазынаның бірі – ит» тақырыбында асыл тұқымды иттердің көрмесі ұйымдастырылды. Іс-шарада түркі мемлекеттеріне тән және Қазақстан аумағында таралған ит тұқымдары таныстырылды. Көрмені ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы тамашалады.
Көрмеде әзірбайжандық гурдбасар, анадолылық ақбаш, қырғыз тазысы тайған секілді көпшілік біле бермейтін ит түрлерімен қатар, Түркімен алабайы, Өзбекстанның бөрібасары, Орта Азия төбеті мен қазақтың тазысы көпшілік назарына ұсынылды. Бұл ит тұқымдарының әрқайсысы көшпелі салтымен тығыз байланысты. Бірі – мал мен қонысты қорғауға, бірі – аңшылыққа, бірі – тау мен дала жағдайына бейімделген.
Көрме барысында келушілер ит тұқымдарының ерекшеліктері, шығу тарихы және олардың тұрмыс-тіршіліктегі маңызы туралы кеңінен ақпарат алды. Мамандар әр тұқымның табиғи ортаға бейімділігі мен ғасырлар бойы қалыптасқан қасиеттеріне тоқталып, олардың мәдени мұра ретіндегі құндылығын атап өтті.
Аталған іс-шара түркі халықтарының ортақ тарихи-мәдени байланысын танытуға және ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталды. Сонымен қатар асыл тұқымды иттерді сақтау, көбейту және оларды болашақ ұрпаққа жеткізу мәселелеріне қоғам назарын аударуға мүмкіндік берді.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары