Сауран ауданына қарасты Еңбекші Диқан елді мекеніндегі «Дәморда» өндіріс алаңында жалпы құны 200 миллион теңгені құрайтын балмұздақ шығаратын өндіріс орнын салу бойынша келісім жасалды. Осыған орай, ЖК «TRK Trade» директоры Жарқынбек Момбеков пен Сауран ауданының кәсіпкерлік бөлімі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат аясында тараптар өндірістік жобаны тиімді іске асыру, инфрақұрылымдық қолдау көрсету және инвестициялық ахуалды дамыту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.
Іс-шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров қатысып, өңірде кәсіпкерлікті дамыту мен жаңа жұмыс орындарын ашу — ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, мұндай өндірістік жобалардың жергілікті экономиканы әртараптандыруға және ауылдық жерлердің әлеуетін арттыруға зор үлес қосатынын жеткізді.
Жобаны жүзеге асыру барысында заманауи технологиялық жабдықтарды орнату көзделіп отыр. Бұл өндіріс процесінің сапасын арттырып қана қоймай, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кәсіпорынның өндірістік қуаты кезең-кезеңімен ұлғайтылып, ішкі нарық сұранысын қамтамасыз етуге бағытталмақ.
Жаңа өндіріс орны іске қосылғаннан кейін жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылып, ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға оң әсерін тигізеді деп күтілуде. Бұл өз кезегінде өңірдегі еңбек нарығының дамуына және халықтың табыс деңгейінің артуына ықпал етеді.
Кәсіпорын өнімдерін аудан көлемімен қатар, облыстың өзге де өңірлеріне жеткізу жоспарланып отыр. Сапалы әрі экологиялық талаптарға сай өндірілетін балмұздақ түрлерін көбейту арқылы тұтынушыларға кең таңдау ұсынылмақ.
Аталған инвестициялық жоба өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады. Осындай жобалардың жүзеге асуы кәсіпкерлік белсенділікті күшейтіп, Сауран ауданының инвестициялық тартымдылығын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары