Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Аймақ тынысы » СОЗАҚ АУДАНЫНДАҒЫ МЕКТЕПТЕРДЕ «ЖАСЫЛ МЕКТЕП» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛДЫ

СОЗАҚ АУДАНЫНДАҒЫ МЕКТЕПТЕРДЕ «ЖАСЫЛ МЕКТЕП» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛДЫ

Созақ ауданындағы бірқатар білім ошақтарында ‘KATKO» компаниясының бастамасымен «Жасыл мектеп» экологиялық бағдарламасы жүзеге асырылуда. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясындағы жоба оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруды көздейді. 2025-2026 оқу жылында 5 мектепті қамтыған жоба аудан орталығындағы А.Сүлейменов атындағы жалпы білім беретін мектептен басталды. Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова жас ұрпаққа экологиялық тәрбие беру — бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

Жоба аясында еліміздегі мектеп оқушылары қоқыс қалдықтарын сұрыптау және қайта өңдеу жұмыстарына белсенді қатысып, бүгінге дейін 1 321 келі қағаз, 102 келі пластик бөтелке, 56 келі пластик қақпақ және 52 келі алюминий жинаған. Сонымен қатар 30-дан астам экологиялық дәріс ұйымдастырылған. Эко-фестиваль барысында балалар пластик қақпақтарды қайта өңдеу процесімен танысты. Экологиялық шаралар аудандағы Сүгір Әліұлы, І.Кеңесбаев, Абай және Ж.Қаламбаев атындағы мектептерде жалғасады. Айта кетейік, «KATKO» компаниясы Созақ ауданында бүгінге дейін әлеуметтік-экономикалық бағыттағы 500-ге жуық жобаны жүзеге асырған.

Экологиялық бағдарлама оқушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік беріп отыр. Мектеп қабырғасында алған экологиялық дағдылар балалардың күнделікті өмірде табиғатты қорғау қағидаларын ұстануына негіз қалайды.

Жоба барысында білім алушылар қоршаған ортаны сақтау, ресурстарды тиімді пайдалану және қалдықтарды азайту тақырыптарында түрлі танымдық шараларға қатысуда. Бұл олардың экологиялық мәселелерге бейжай қарамайтын белсенді азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.

Бастама аясында мектеп ұжымдары мен оқушылар арасында ағаш отырғызу, мектеп аумағын көгалдандыру және тазалық жұмыстарын ұйымдастыру тәжірибесі де кеңінен насихатталуда. Мұндай жұмыстар білім беру ұйымдарында қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға бағытталған.

Мамандардың пікірінше, экологиялық мәдениетті ерте жастан қалыптастыру келешекте қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарайтын ұрпақ тәрбиелеудің маңызды тетігі болып табылады. Сондықтан аталған жобаның нәтижесі тек мектеппен шектелмей, қоғамдағы экологиялық сананың артуына да оң әсерін тигізбек.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*