Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫН ҚАТАҢ САҚТАУҒА ШАҚЫРАДЫ

САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫН ҚАТАҢ САҚТАУҒА ШАҚЫРАДЫ

Өткен тәулікте Шымкентте 96 азамат індет ілмегіне ілінді. Дерт дендеп, ауруы асқынған науқастар қазір Асардағы инфекциялық ауруханада ем қабылдап жатыр. Тәж тажалына тосқауыл қоюдың бірден бір жолы –екпе салдыру дейді дәрігерлер. Күні кеше миилионды шаһардың емханаларына тағы да «Спутник-В» вакциналары жеткізілді. Бұл туралы «Оңтүстік» арнасына сілтеме жасаған «jetpisbai.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Аида Оралханова шаһардағы әскери бөлімнің бірінде медицина қызметкері. Осыдан 21 күн бұрын вакцинаның алғашқы компонентін қабылдаған бұрымды бүгін екпенің екінші кезеңін салдыруға келді. «Көңіл-күйім жақсы. Ешқандай кері әсер байқамадым»,- дейді қала тұрғыны.

Аида Оралханова – науқас: Алғашқысын салдырғанда ешқандай өзгеріс байқамадым. Өзімді қазір де жақсы сезініп отырмын…

Екпеден қорқудың еш негізі жоқ! Мұны уақыттың өзі дәлелдеп берді. Бұған дейін вакцина туралы әртүрлі қауесеттерге сеніп, одан бас тартқан бұқара қазір өз еркімен екпе ектіруге келіп жатыр дейді дәрігерлер. Жыл басынан бері №13 қалалық емханаға 900 доза вакцина жеткізілген. Бұл препараттар медицина, ішкі істер және педагогика қызметкерлеріне салыныпты.

Екпе адамның иығына екі кезеңмен егіледі. Басында 0,5 миллилитрлік дозамен бірінші компонентті салады. Одан кейін 21 тәулік өткен соң, екіншісін егеді. Оның көлемі де 0,5 миллилитр. Егер бірінші компонетінен кейін адамның жағдайы нашарласа, екіншісі салынбайды.

Фарида Қалдыбекова – Шымкент қалалық №13 емхана  бас дәрігерінің орынбасары: 300 доза кеше кешкісін келді. Енді оларды ретімен сала береміз. Жалпы айтарым, халыққа екпе салдырмай, аурудың алдын ала алмаймыз…

Адам соңғы алты айдың ішінде коронавируспен ауырып шықса, вакцина салудың қажеті жоқ. Бұдан бөлек, жүкті әйелдерге, ауыр аллергиясы мен вакцинаның құрамындағы заттарға жоғары сезімталдылығы бар адамдарға, 18 жасқа толмағандарға және 65 жастан асқандарға салынбайды. Қазір қалада эпид ахуал күрделене түсуде. Шымкент сары аймаққа енді. Оған себеп — мутацияланған штамдардың пайда болуы.  Сондықтан, дәрігерлер маска режимі мен әлеуметтік ара қашықты қатаң сақтау керектігін еске салды. Сондай-ақ, қала тұрғындарын адам көп шоғырланған жерге барудан бас тартуға шақырды.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*