Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен, «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамының демеушілік қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Халық әуені» концерттік-гастрольдік жобасы бүгін Түркістан облысында ресми ашылуы өтті.
21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған жоба еліміздің 17 өңірінде бір мезетте бастау алды.
Осыған орай, бүгін Түркістан облысы, Отырар ауданына қарасты Шәуілдір ауылында жобаның шымылдығы түріліп, алғашқы концерттік кеш көрермен назарына ұсынылды. Аталған мәдени жоба аясында Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Нұрболат Арзамасұлы және Ардақ Балажанова, сондай-ақ Қазақконцерт мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының әртіс-солистері мен «Бірлік» би ансамблінің өнерпаздары ұлттық ән, би және эстрадалық өнердің үздік үлгілерін жоғары деңгейде паш етуде.
Гастрольдік сапар Түркістан облысында үш күнге жоспарланған. Концерттік бағдарламалар 22 мамыр күні Арыс қаласында, 23 мамыр күні Ордабасы ауданы Темірлан ауылында өтеді.
Жобаның басты ерекшелігі – кәсіби өнер ұжымдарының шалғай елді мекендерге дейін барып, тұрғындарға сапалы мәдени бағдарламалар ұсынуы. Бұл бастама ауыл тұрғындарының өнерге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, мәдени құндылықтарды кеңінен дәріптеуге мүмкіндік береді.
Концерт барысында көрермендер ұлттық музыкамен қатар заманауи эстрадалық шығармаларды тамашалап, өнер майталмандарының орындауындағы әсерлі туындыларға куә болды. Кешке жиналған тұрғындар өнерпаздарға ерекше ықылас білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.
«Халық әуені» жобасы өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтып, халық пен өнер өкілдерінің арасындағы рухани үндестікті арттыруға өз үлесін қосуда. Мұндай ауқымды мәдени шаралар ұлттық өнердің дамуына серпін беріп, жас буынның мәдени мұраға деген құрметін қалыптастыруға ықпал етеді.
Алдағы уақытта жоба аясындағы концерттік бағдарламалар еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасып, мыңдаған көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйламақ. Бұл бастама ұлттық өнерді ұлықтаудың және мәдениетті көпшілікке жақындатудың жарқын үлгісі ретінде бағалануда.
Айта кетейік, «Халық әуені» жобасы ұлттық мәдениетті кеңінен насихаттап, өңір тұрғындарын кәсіби сахналық өнердің үздік үлгілерімен таныстыруға және мәдени байланысты нығайтуға бағытталған.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары