Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан облысында интернет-алаяқтықтың алдын алу және оған қарсы күрес бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде атқарылып келеді. Бұл туралы брифинг барысында Түркістан облыстық Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Қуанышбай Жұмаділдаев мәлімдеді.

«Мамандардың айтуынша, цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы интернет-алаяқтық қылмыстарының көбеюіне әсер еткен. Соның салдарынан азаматтар материалдық шығынға ұшырап, моральдық зардап шегуде. Түркістан облысында жыл басынан бері интернет-алаяқтық бойынша 212 қылмыстық дерек тіркеліп, оның ішінде 144-і ашылған. Қазіргі таңда облыс көлемінде интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Полиция қызметкерлері 347 мыңнан астам тұрғын үйді аралап, халықпен тікелей түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, сауда орталықтары, халыққа қызмет көрсету орталықтары, базарлар мен кинотеатрларда ескерту акциялары ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, биыл облыстағы жоғары оқу орындарында 370-тен астам кездесу өткізіліп, жастар арасында интернеттегі қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізілген. Қазіргі таңда «Polisia.kz» және «Түркістан облысы Полиция департаменті» әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында интернет-алаяқтықтың жаңа түрлері туралы ақпараттар мен бейнероликтер тұрақты түрде жарияланып келеді. Сонымен қатар, облыс аумағындағы LED экрандар мен билбордтарда ескерту сипатындағы материалдар орналастырылған» — деп баяндады сала маманы.

Мамандардың айтуынша, интернет-алаяқтар азаматтардың сеніміне кіріп, түрлі психологиялық тәсілдерді пайдалану арқылы жеке деректер мен банк карталарының мәліметтерін алуға тырысады. Сондықтан тұрғындарға күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сақтықпен қарау ұсынылады.

Полиция қызметкерлері азаматтарды бейтаныс адамдарға жеке ақпараттарын бермеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және қаржылық операцияларды жүзеге асырмас бұрын ақпараттың дұрыстығына көз жеткізуге шақырады. Сонымен қатар банк қызметкерлері немесе құқық қорғау органдарының атынан хабарласқан тұлғалардың әрекеттерін міндетті түрде тексеру қажеттігі ескертілуде.

Интернет кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өңірде мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдарының қатысуымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Бұл шаралар азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттырып, алаяқтық әрекеттердің құрбаны болу тәуекелін төмендетуге бағытталған.

Құқық қорғау органдары интернет-алаяқтықтың кез келген түріне тап болған жағдайда азаматтарды дереу полицияға хабарлауға шақырады. Уақтылы берілген ақпарат қылмыскерлерді анықтауға және өзге азаматтардың зардап шегуінің алдын алуға мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары интернет арқылы жасалатын қылмыстардың түрлері көбейіп, оларды жүзеге асыру тәсілдері де күрделене түскен. Осыған байланысты құқық қорғау органдары жаңа қауіп-қатерлерге жедел ден қойып, заманауи технологияларды пайдалана отырып киберқылмыстардың жолын кесу бағытындағы жұмыстарды күшейтуде.

Тұрғындар арасында қаржылық және цифрлық сауаттылықты арттыру интернет-алаяқтықтың алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі болып саналады. Сондықтан өңірде халықтың түрлі санаттарын қамтитын түсіндіру іс-шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылып, интернеттегі қауіпсіздік ережелері кеңінен насихатталуда.

Киберкеңістіктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету – мемлекеттік органдар мен қоғамның ортақ міндеті. Осы бағыттағы кешенді жұмыстардың нәтижесінде азаматтардың құқықтық сауаттылығы артып, интернет-алаяқтық фактілерінің азаюына оң әсер етеді деп күтілуде.

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*