Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Аймақ тынысы » ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА ЖАҢА ТЕМІР ЖОЛ БЕКЕТІ САЛЫНЫП ЖАТЫР

ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА ЖАҢА ТЕМІР ЖОЛ БЕКЕТІ САЛЫНЫП ЖАТЫР

Түлкібас станциясындағы жаңа теміржол бекетінің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жаңа екі қабатты вокзалдың құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталған. Атқарылып жатқан жұмыстармен танысу мақсатынла аудан әкімі Асқар Естібаев арнайы барды.

Жоба аясында ескі бекет ғимараты толықтай бұзылып, оның орнына заманауи талаптарға сай жаңа нысан салынуда. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 75 пайызы аяқталған. Нысан биыл қыркүйек айында толық аяқталады деп күтілуде.

Жаңа вокзал жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында заманауи үлгіде жобаланған. Ғимаратта мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да арналған қолжетімді жағдай қарастырылған. Ана мен бала, күту залы, асхана сынды жолаушыларға қажетті инфрақұрылымдар енгізілген.

Сонымен қатар, аудан басшысының тапсырмасымен теміржол бекеті аумағын абаттандыру жұмыстары да жүреді. Жергілікті әкімдіктің қаржыландыруы аясында 2544 шаршы метр аумаққа асфальт және бетон жабындысын төсеу, жарықшамдар қою, кіші архитектуралық ескерткіштерді орнату, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін қою, автотұрақты таңбалау және қоршау жұмыстары жүргізіледі.

Сондай-ақ, теміржол вокзалы жобасы аясында өтпелі көпірді жөндеу жұмыстары да қарастырылған. Маусым айында көпірді сырлау, құлаған және зақымданған бөліктерін қайта бетондау, сондай-ақ жаңғырту жұмыстары қатар жүргізілетін болады.

Жаңа теміржол бекетінің салынуы Түлкібас ауданының көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға айтарлықтай серпін береді. Бұл жолаушылар ағынын тиімді реттеп қана қоймай, өңірдің транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтуге де жол ашады.

Сондай-ақ заманауи вокзалдың іске қосылуы аудан тұрғындарының жүріп-тұруын жеңілдетіп, қауіпсіз әрі қолайлы тасымал қызметін қамтамасыз етеді. Жаңартылған инфрақұрылым жолаушыларға сапалы сервис ұсынуға бағытталған.

Құрылыс барысында жергілікті құрылыс материалдарын пайдалану және отандық мамандарды тарту мәселесіне де ерекше мән берілуде. Бұл өз кезегінде аудан экономикасына қосымша қолдау болып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.

Алдағы уақытта вокзал аумағы толық абаттандырылып біткеннен кейін, ол тек көлік торабы ғана емес, ауданның сәулеттік келбетін айқындайтын маңызды нысандардың біріне айналады деп күтілуде.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*