Шымкент қаласында халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыру және денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында екі ірі медициналық ұйымда күрделі жөндеу және реконструкциялау жұмысы қарқынды жүзеге асырылуда.
Қалалық №3 аурухананың бас ғимаратында ауқымды күрделі жөндеу жұмысы бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп келеді. Аумағы 2,6 гектарды құрайтын бұл медициналық мекемеде ғимараттың ішкі және сыртқы бөліктері кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Есік-терезелер толық ауыстырылып, жылыту жүйесі мен инженерлік коммуникациялар заманауи талаптарға сай жаңартылуда. Бұл мекеменің энергиялық тиімділігін арттырып, науқастар мен медицина қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Аталған жобаның жобалық-сметалық құжаттамасын «Строй-проект-инвентаризация» ЖШС әзірлеп, ол тамыз айында мемлекеттік сараптамадан сәтті өтті, оң қорытынды алған. Құрылыс-монтаж жұмысын «НКО» ЖШС жүзеге асыруда. Күрделі жөндеу 2025 жылдың қазан айында басталған болатын.
Айта кету керек, қалалық №3 аурухананың тарихы 1986 жылдан бастау алады. Бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам аудандық ауруханасы ретінде қызмет көрсеткен мекеме 2018 жылы Сайрам тұрғын алабының Шымкент қаласына қосылуына байланысты қайта құрылып, қалалық №3 аурухана атанды. Бүгінде бұл медициналық ұйым қала тұрғындарына кең ауқымды медициналық көмек көрсетіп келеді.
Сонымен қатар, қаладағы диагностикалық орталықта да ауқымды құрылыс-монтаждау және жаңату жұмысы жүргізілуде. Жоба аясында ғимараттың электрмен жабдықтау, желдету, жылыту және сумен қамтамасыз ету сияқты инженерлік жүйелері толық жаңартылып, заманауи стандарттарға сәйкестендірілуде. Бұл медициналық жабдықтардың үздіксіз әрі қауіпсіз жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасайды.
Реконструкция барысында орталықта жаңа жоғары технологиялық диагностикалық құрылғыларды орналастыруға арналған арнайы кабинеттер жабдықталып, пациенттерге қолайлы орта қалыптастыру үшін күту залдары мен қабылдау бөлімдері кеңейтіледі. Нәтижесінде тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасы артып, зерттеу нәтижелерін алу уақыты қысқарады, диагностика тиімділігі едәуір жақсарады.
Жалпы бұл жобалар Шымкент қаласының денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, медициналық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге және тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы медициналық көмекті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды әлеуметтік бастама болып табылады.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары