Шымкент қаласында балаларға арналған оңалту қызметтерінің сапасы жыл сайын артып келеді. Денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарда жыл басынан бері 3500-ге жуық бала оңалту емінен өтті.
Мамандардың айтуынша, ерекше балаларға көрсетілетін медициналық көмек сапасы жақсаруының нәтижесінде оң динамика жоғарылап отыр. Оңалтудан өткен балалар түгел дерлік (99,3%) денсаулығы жақсарып, үйлеріне шығарылған.
Қалада №1, №2 және «Мейірім» оңалту орталықтарында церебральды сал ауруының спастикалық түрін емдеуде ботулотоксин терапиясы (Диспорт) кеңінен қолданылуда. Бұрын мұндай ем түрін алу үшін ата-аналар Астана мен Алматы қалаларына баруға мәжбүр болса, бүгінде Шымкент қаласындағы медицина ұйымдарында ем алуда.
Бүгінде №1 және №2 оңалту орталықтары, «Мейірім» орталығы, сондай-ақ, №2 оңалту орталығы базасында ашылған «Қамқорлық» орталығы мен «Психикалық денсаулық орталығы», мемлекеттік тапсырыс аясында т.б жекеменшік орталықтар да қызмет көрсетуде.
Оңалту қызметтері неврология, ортопедия-травматология және кардиология бағыттары бойынша жүргізіледі: 2273 бала – тәуліктік стационарда, ал 1179 бала амбулаториялық деңгейде, 2405 бала – неврологиялық бағыт бойынша, 775 бала – ортопедия-травматология бойынша, ал 492 бала церебральды сал дерті бойынша оңалтудан өтті.
Әсіресе, айрықша күтімді қажет ететін бар балаларды қолдау бағытында айтарлықтай нәтиже бар: 4 ай ішінде оңалту емін алған 2074 бала (60,1%) – ерекше балалар.
Сала мамандарының айтуынша, мұндай нәтижелерге заманауи медициналық технологияларды енгізу және оңалту қызметін кезең-кезеңімен жаңғырту арқылы қол жеткізілуде. Ерте диагностика мен кешенді емдеу тәсілдері балалардың сауығу қарқынын арттыруда маңызды рөл атқарып отыр.
Сонымен қатар, қалада балаларды оңалтуға арналған кадрлық әлеует те күшейтілген. Арнайы дайындықтан өткен дәрігерлер, реабилитологтар мен физиотерапевтер жаңа әдістемелерді қолдану арқылы әр баланың жеке жағдайына бейімделген емдеу бағдарламаларын әзірлеуде.
Ата-аналардың пікірінше, жергілікті орталықтарда қызметтің қолжетімді болуы олардың қаржылық және уақыттық жүктемесін айтарлықтай азайтқан. Бұрын ұзақ жол жүріп, басқа қалаларға баруға мәжбүр болған отбасылар бүгінде емді өз өңірінде қабылдай алатын мүмкіндікке ие.
Алдағы уақытта оңалту қызметтерінің ауқымын кеңейту, жаңа бөлімшелер ашу және медициналық жабдықтарды жаңарту жоспарланып отыр. Бұл бастамалар балалардың өмір сапасын жақсартып, олардың қоғамға бейімделуіне қосымша мүмкіндік бермек.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары