Кәсіпкер Сейітханова Гүлнұр 2025 жылы әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін 5 млн теңгеге дейінгімемлекеттік гранттар конкурсына қатысып, «Сазбалшық өндірісі және сазбалшықтан емдік және шығармашылық әдіс-тәсілдермен оқыту орталығы» әлеуметтік бағдарланған жобасын іске асыруда.
Жобаның негізгі мақсаты – Шымкент өңірінің табиғи саз балшығын экологиялық таза өнім ретінде өңдеу арқылы жергілікті өндірісті дамыту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Грант қаражаты есебінен қажетті өндірістік жабдықтар сатып алынып, өндірістік жұмыстар қолға алынды. Сонымен қатар, жергілікті шикізат негізінде «Шымкент саз» брендтік өнімі қалыптасты.
Қазіргі таңда жоба аясында ай сайын 300–500 кг көлемінде өнім сатылымға шығарылуда. Алдағы кезеңде өндіріс көлемін ұлғайтып, күніне 500 кг тұрақты сатылым деңгейіне шығу жоспарланған.
Жобаның әлеуметтік бағыты аясында мектептерге, балабақшаларға және оңалту орталықтарына саз терапия мамандарын тегін оқыту және қажетті шикізатпен қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Аталған бастама ұлттық қыш өнерін жаңғыртуға, экологиялық таза өнім өндіруге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдауға бағытталған.
“Шымкент саз” — тек өндіріс емес, бұл ұлттық құндылық пен әлеуметтік жауапкершілікті ұштастырған жоба.
Жоба аясында тұрғындар мен балаларға арналған шығармашылық шеберлік сабақтарын ұйымдастыру жоспарланған. Мұндай іс-шаралар қатысушылардың қолөнерге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ұлттық қолөнер дәстүрлерін дәріптеу арқылы жас ұрпақтың мәдени мұраға деген құрметін қалыптастыруға ықпал етеді.
Сазбалшықпен жұмыс жасау адамның ұсақ моторикасын, зейінін және қиялын дамытуға оң әсер етеді. Осыған байланысты орталықта әртүрлі жастағы азаматтарға арналған арнайы бағдарламалар әзірленіп, оларды шығармашылық және емдік бағытта қолдану көзделуде. Бұл бастама қоғамдағы инклюзивті ортаны дамытуға да өз үлесін қоспақ.
Алдағы уақытта «Шымкент саз» өнімдерін өңірден тыс нарықтарға шығару мүмкіндіктері қарастырылуда. Өнім сапасын арттыру және өндірістік әлеуетті күшейту арқылы брендтің танымалдылығын кеңейтіп, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жоспарланған.
Жобаның табысты жүзеге асырылуы әлеуметтік кәсіпкерліктің өңірлік дамуына серпін беріп, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға қосымша мүмкіндік ашады. Бұл өз кезегінде экономикалық белсенділікті арттырып, қоғам игілігіне бағытталған бастамалардың көбеюіне негіз болады.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары