Шымкент қалалық №2 ауруханасының нейрохирургтары медицинада сирек кездесетін аса күрделі жағдай бойынша жоғары технологиялық операцияны сәтті өткізді. Дәрігерлер 24 жастағы пациенттің бас миындағы бірден үш ауыр патологияны бір операция барысында алып тастап, оның өміріне төнген қауіпті сейілтті. Медициналық көмек МӘМС есебінен көрсетілген.
Науқас 6 жасынан бері эпилепсия дертімен ауырып келген. 2014 жылдан бастап ұзақ уақыт ремиссия кезеңі байқалғанымен, жақында қайтадан құрысу ұстамалары пайда болған. Осыған байланысты пациентке тереңдетілген тексеру жүргізіліп, магниттік-резонанстық томография (МРТ) нәтижесінде миының оң жақ маңдай бөлігінде бірнеше сирек патология анықталған.
Атап айтқанда, пациенттен интрацеребралды липома, артериовеноздық мальформация және фокальды кортикальды дисплазия табылған. Мамандардың айтуынша, интрацеребралды липома — барлық ми ісіктерінің шамамен 1 пайызын ғана құрайтын өте сирек патология.
Дәрігерлер мұндай бірнеше күрделі диагноздың бір науқаста қатар кездесуі нейрохирургия тәжірибесінде өте сирек жағдай екенін атап өтті. Әсіресе, пациенттің жас болуы жағдайдың маңызын арттыра түскен.
Шамамен 7 сағатқа созылған күрделі операцияны нейрохирург-дәрігер Еркін Медетов жасаған. Ота барысында барлық патология бір мезетте толық алынып тасталды.
Қазіргі таңда пациенттің жағдайы тұрақты. Ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында ем қабылдап жатыр.
Мамандардың пікірінше, бұл жағдай отандық нейрохирургия саласындағы жоғары кәсіби деңгей мен күрделі операцияларды сәтті орындау мүмкіндігін көрсететін маңызды медициналық жетістік болып саналады.
Операциядан кейінгі кезеңде пациентке кешенді реабилитациялық ем-шаралар тағайындалды. Оның ішінде неврологиялық бақылау, дәрілік терапия және қозғалыс пен когнитивтік функцияларды қалпына келтіруге бағытталған оңалту бағдарламалары қарастырылған. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай көпсатылы бақылау асқынулардың алдын алып, науқастың толық қалпына келу мүмкіндігін арттырады.
Мамандар бұл күрделі жағдайдың сәтті аяқталуы Шымкент қаласындағы нейрохирургия қызметінің технологиялық және кәсіби әлеуеті жоғары екенін тағы бір дәлелдегенін атап өтті. Сонымен қатар, МӘМС жүйесі аясында жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімді болуы ауыр диагнозы бар науқастар үшін дер кезінде тиімді ем алуға жол ашып отыр.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары