Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді. Жаңа редакциядағы заң мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға, кадрлық процестерді цифрландыруға және азаматтарға қызмет көрсетудің сервистік моделін қалыптастыруға бағытталған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифинг барысында айтылды.
Құжатта алғаш рет мемлекеттік қызметтің миссиясы мен негізгі мақсаты нақты айқындалды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар мен олардың лауазымдық міндеттері заңнамалық деңгейде бекітілмек.
Заң аясында мемлекеттік қызметке іріктеу толық цифрлық форматқа көшіріледі. «Е-қызмет» жүйесі арқылы конкурс өткізу ашықтықты қамтамасыз етіп, талантты жастарды мемлекеттік қызметке тартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жас мамандарды мемлекеттік қызметке даярлау институтын енгізу қарастырылған.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуына ерекше назар аударылды. Ұзақ жыл еңбек еткен қызметкерлерге зейнетке шығарда қосымша төлемдер қарастырылып, еңбек құқықтарын қорғау тетіктері күшейтіледі. Демалыс күндері мен артық жұмыс уақыты үшін қосымша ақы төлеу де заңда нақты көрсетілген. Жаңа заң мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттырып, халықпен тиімді әрі ашық жұмыс жүргізуге негіз болады деп күтілуде.
Жаңа заңның енгізілуі мемлекеттік басқару жүйесінде ашықтық пен жауапкершілікті күшейтуге бағытталған маңызды қадам болып отыр. Әсіресе, шешім қабылдау процестерінің цифрландырылуы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтып, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау жүйесі нәтижеге негізделген модельге көшірілуде. Бұл әрбір қызметкердің жұмысы нақты көрсеткіштер арқылы өлшеніп, кәсіби дамуға ынталандыру тетіктерін күшейтеді.
Кадрлық резервті қалыптастыру және жас мамандарды тарту бағытында да жаңа мүмкіндіктер қарастырылған. Арнайы оқыту бағдарламалары мен тәжірибеден өткізу тетіктері арқылы мемлекеттік қызметке білікті кадрларды дайындау көзделіп отыр.
Жалпы алғанда, енгізілген өзгерістер мемлекеттік аппараттың икемділігін арттырып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Бұл өз кезегінде тиімді әрі заманауи басқару жүйесін қалыптастыруға негіз болады.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары