Шымкент қаласының көп балалы аналарына құрмет көрсетілді. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес мегаполистің аналарына мемлекеттік наградалар табыс етілді.
Салтанатты жағдайға орай қаланың барлық ауданында алқалы жиындар ұйымдастырылып, жалпы 49 анаға «Алтын алқа», ал 142 анаға «Күміс алқа» табысталды.
Салтанатты рәсім барысында аналарға құрмет көрсетіліп, олардың ұрпақ тәрбиесіндегі қажырлы еңбегі ерекше атап өтілді.
Бұл марапаттар – аналардың ұлт болашағы саналатын жас ұрпақты тәрбиелеудегі ерен еңбегіне, қоғамдағы айрықша орны мен парасатына көрсетілген жоғары құрметтің белгісі.
Мемлекеттік марапаттар туралы мәліметті аудан әкімдіктерінен анықтап, тиісті құжаттарды тапсыруға болады.
Көп балалы аналарды қолдау – мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі. Осындай марапаттар арқылы аналардың қоғамдағы рөлі айқындалып, олардың отбасы құндылықтарын нығайтуға қосқан үлесі жоғары бағаланады.
Бүгінде көп балалы отбасыларға көрсетілетін қолдау шаралары жыл сайын жетілдіріліп келеді. Бұл өз кезегінде отбасы институтын дамытуға, бала тәрбиесіне қолайлы жағдай жасауға және халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға оң әсерін тигізуде.
Марапат иелері өз еңбегі мен табандылығының нәтижесінде өсіп келе жатқан ұрпаққа өнеге болып отыр. Ана тәрбиесін көрген балалардың елжанды, білімді әрі жауапты азамат болып қалыптасуы қоғамның тұрақты дамуына негіз болады.
Салтанатты жиынға қатысушылар марапат иелерін құттықтап, оларға зор денсаулық, отбасыларына амандық пен береке тіледі. Сонымен қатар, аналардың еңбегін ұлықтау бағытындағы игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табатыны атап өтілді.
Айта кетейік, Шымкент қаласында әлеуметтік-демографиялық даму бағытында отбасы институтын нығайтуға, ана мен баланы қолдауға және отбасылық құндылықтарды дәріптеуге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағыттағы жұмыстар қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты сақтауға, жас ұрпақтың саналы тәрбиеленуіне ықпал етеді.
Сондай-ақ, отбасылық және гендерлік саясат шеңберінде әйелдердің қоғамдық өмірге белсенді қатысуын арттыру, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, отбасыларға жан-жақты қолдау көрсету бойынша түрлі жобалар мен іс-шаралар жүзеге асырылып келеді.
Көп балалы аналарды мемлекеттік наградалармен марапаттау – олардың қоғамдағы мәртебесін арттырып қана қоймай, отбасы құндылықтарын насихаттауға және өскелең ұрпаққа өнеге көрсетуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары