Шымкент қаласының Еңбекші ауданы бүгінде қарқынды дамып келе жатқан ірі аудандардың бірі саналады. Қазіргі таңда аудан аумағы 22 800 гектарды құрап, мұнда 230 мыңнан астам халық тұрады. Ауданда 18 тұрғын алап пен 11 шағынаудан орналасқан. Сонымен қатар, 728 көше мен өткел, 3 саябақ, 16 гүлзар, 280 көпқабатты және 38 мыңнан астам жеке тұрғын үй бар.
Аудан әкімінің аппараты тұрғындармен тұрақты байланыс орнатып, инфрақұрылымды жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар атқаруда. Бүгінде аудан аумағының негізгі бөлігі инженерлік жүйелермен қамтылған. Атап айтқанда, ауыз сумен қамту деңгейі – 97 пайыз, электр жарығы – 99,8 пайыз, табиғи газ – 97 пайыз, асфальт жол – 96,5 пайызды құрайды. Ал кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 41 пайызға жеткен.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2022–2025 жылдарға арналған «Жол картасы» аясында инфрақұрылым жүйелерін дамыту жұмыстары жалғасуда. Соның ішінде ауыз сумен қамту мәселесіне басымдық берілген.
2025 жылдың қорытындысымен халық шоғырланған аумақтар толық ауыз сумен қамтылды. Сонымен қатар, Жастар көшесі, «Қазығұрт» станциясы аумағы және Оңтүстік-Жаңақұрылыс учаскесін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында арнайы жоба әзірленді. Қазіргі таңда аталған нысан мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң қорытынды алған. 2026 жылы құрылыс жұмыстарын бастау үшін бюджеттен қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.
Аудан аумағында инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртумен қатар, тозған желілерді кезең-кезеңімен ауыстыру жұмыстары да қарқын алған. Әсіресе, су және электр желілерінің ескі учаскелері жаңартылып, апаттық жағдайлардың алдын алу мақсатында жоспарлы жөндеу шаралары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен бірге, көше-жол инфрақұрылымын дамыту бағытында да бірқатар жобалар іске асырылуда. Аудан ішіндегі ішкі орам жолдарына орташа және күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңа асфальт жабындары төселуде. Жаяу жүргіншілерге қолайлы орта қалыптастыру мақсатында тротуарлар мен жарықтандыру жүйелері де кезең-кезеңімен жаңартылуда.
Тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған тағы бір маңызды бағыт – әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту. Атап айтқанда, мектептер мен балабақшаларға инженерлік желілерді тарту, сондай-ақ жаңа тұрғын алаптарда қажетті коммуналдық инфрақұрылымды алдын ала қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Бұл жаңа қоныстанушылар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға ықпал етеді.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары