Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » ҚАЛА КҮНІ: SHYMKENT CITY ШАҒЫНАУДАНЫНДА ЖАҢА САЯБАҚ АШЫЛДЫ

ҚАЛА КҮНІ: SHYMKENT CITY ШАҒЫНАУДАНЫНДА ЖАҢА САЯБАҚ АШЫЛДЫ

Қала күні қарсаңында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мегаполис тұрғындары және қонақтарымен бірге Shymkent City шағынауданындағы жаңа саябақтың ашылу рәсіміне қатысты.

Аумағы 4,2 гектарды құрайтын жобаны іске асыру нәтижесінде қаладағы ең ірі қоғамдық кеңістіктердің бірі қалыптастырылып, тұрғындардың демалысына, серуендеуіне және бос уақытын белсенді өткізуіне арналған заманауи орын пайдалануға беріліп отыр.

Абаттандыру жұмысы аясында жаяу жүргіншілер аймақтары жасалып, тынығуға, отбасылық демалысқа және мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізуге арналған кеңістіктер құрылды. Аумақты көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінді.

Саябақта өңірдің климаттық жағдайына бейімделген шынар, үйеңкі, шаған, катальпа, қарағай және басқа да ағаш түрлері егілген. Кешенді көгалдандыру жұмысының нәтижесінде заманауи саябақ ортасы қалыптасты.

Жобаның маңызды бөлігінің бірі – жаңа сәулеттік және көркемдік нысандар. Олардың ішінде Қазақ мемлекеттілігінің негізгі кезеңдерін бейнелейтін «Qazaq Eli» іргелі барельефі ерекше орын алады.

Сондай-ақ, еліміздің бай тарихи-мәдени мұрасын дәріптейтін «Глобус» арт-нысаны орнатылды. Оның көркемдік безендірілуінде қазақ халқының дәстүрлері, ұлттық рәміздері және Шымкенттің танымал көрікті орындары көрініс тапты.

Айта кетейік, жаңа саябақтың ашылуы жайлы қалалық ортаны қалыптастыру және заманауи қоғамдық кеңістіктерді көбейту стратегиясын іске асырудағы кезекті маңызды қадам болып отыр. Бүгінде саябақ тұрғындардың демалыс, спорт, серуен және мәдени іс-шаралар өткізуіне арналған ірі тартылыс орталығының біріне айналары сөзсіз.

Бұл нысан тұрғындар үшін тек демалыс орны ғана емес, сонымен қатар қоғамдық белсенділікті арттыратын маңызды әлеуметтік жобаға айналып отыр. Мұнда отбасылық серуендермен бірге мәдени және спорттық іс-шараларды өткізуге қолайлы жағдай жасалып, қала өмірінің жаңа серпіні қалыптасуда.

Жаңа саябақтың ашылуы Қала күніне орай ұйымдастырылған маңызды шаралардың бірі болып, Шымкенттің заманауи, жасыл әрі өмір сүруге қолайлы мегаполис ретінде жүйелі дамып келе жатқанын тағы бір рет дәлелдеді.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*