Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » ШЫМКЕНТТЕ АУМАҚТЫҚ ҚОРҒАНЫС ДАЙЫНДЫҒЫ КҮШЕЙТІЛУДЕ

ШЫМКЕНТТЕ АУМАҚТЫҚ ҚОРҒАНЫС ДАЙЫНДЫҒЫ КҮШЕЙТІЛУДЕ

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Шымкент қаласының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс саласында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.

Басқарма басшысының орынбасары Алиярхан Рустембаевтың мәліметінше, биыл аумақтық қорғаныс бағытында бірқатар ауқымды оқу-жаттығулар ұйымдастырылған. Атап айтқанда, ақпан айында 50120 әскери бөлімінің қатысуымен командалық-штабтық жұмылдыру оқу-жаттығуы өткізіліп, әскери жағдай енгізілген кездегі іс-қимылдар пысықталды. Сонымен қатар, әскери міндеттілерді қабылдау, жұмылдыру техникасын жинақтау және маңызды нысандарды күзету бойынша практикалық шаралар көрсетілді.

Сәуір айында «Ақтас» оқу полигонында әскери міндеттілердің қатысуымен тактикалық-арнаулы оқу-жаттығу жиыны өтті. Оған Шымкент қаласынан 157 әскери міндетті шақырылып, теориялық және практикалық дайындықтан өтті. Жаттығу барысында маңызды стратегиялық нысандарды қорғау, құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасау және төтенше жағдайларда жедел әрекет ету тәсілдері пысықталды.

Оқу-жаттығулардың қорытындысында жоғары нәтиже көрсеткен әскери міндеттілер марапатталып, 62 азаматқа арнайы әскери шендер табысталды. Мамандар мұндай іс-шаралар қаланың қорғаныс қабілетін арттырып, әскери резервтің дайындығын нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Брифинг барысында аумақтық қорғаныс жүйесін жетілдіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізіліп жатқаны айтылды. Бұл бағыттағы негізгі мақсат – төтенше жағдайлар мен ерекше кезеңдерде мемлекеттік органдардың, күштік құрылымдардың және жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді әрекетін қамтамасыз ету.

Сондай-ақ әскери міндетті азаматтардың даярлық деңгейін арттыруға ерекше назар аударылуда. Оқу-жаттығулар барысында қатысушылар әскери тәртіп, тактикалық дайындық, байланыс құралдарын пайдалану және қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша тәжірибелік дағдыларын жетілдіреді.

Мамандардың пікірінше, мұндай кешенді іс-шаралар әскери резервтің кәсіби даярлығын күшейтіп қана қоймай, азаматтардың жауапкершілігін арттыруға және ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған міндеттерді тиімді орындауға ықпал етеді.

Қалада алдағы кезеңде де аумақтық қорғаныс пен жұмылдыру дайындығы саласында жоспарланған оқу-жаттығулар мен тәжірибелік жиындар жалғасады. Бұл жұмыстар өңірдің қорғаныс әлеуетін нығайтып, кез келген сын-қатерге жедел әрі үйлесімді әрекет етуге мүмкіндік береді.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*